Қалай белсенді өмір сүру керек: Жетпістегі қария волонтер болып жүр

29 Наурыз 2024, 14:36
410
Бөлісу:
Қалай белсенді өмір сүру керек: Жетпістегі қария волонтер болып жүр
Фото: кейіпкердің жеке мұрағаты

Волонтерлік жасқа қарамайды. Жас та, кәрі де, қайырымды іспен кез келген уақытта айналыса алады. 70 жастағы Роза Маусымбаева қалай волонтер болып жүргені және еңбек жолы жайлы әңгімелеп берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жақында Астана қаласының ардақты зейнеткері, ардагер ұстаз, биология ғылымдарының кандидаты Маусымбаева Роза Махметқызы 70 жасқа толды. Зейнет жасында жүрсе де, Роза Махметқызы салауатты өмір салтын ұстанып, белсенді ұзақ өмір сүру орталығында бөлім басшысының қызметін атқарып келеді. Еңбек ұжымындағы жастарға үлгі-өнеге көрсетіп жүр. Осы бір елеулі күн қарсаңында мерейтой иесін әңгімеге тартуды жөн көрдік.

- Роза Махметқызы, Белсенді ұзақ өмір сүру орталығына қалай келдіңіз? Орталықтағы еңбек жолыңыз қалай басталды?

Мен әлеуметтік саладағы қызметімді волонтерліктен бастадым. 2021 жылдың күзінде Астана қаласының Сарыарқа аудандық ардагерлер кеңесі жанындағы бос уақытты ұйымдастыру орталығында волонтер боп жұмыс істеп жүрген кезім еді...

Волонтер ретінде қала зейнеткерлеріне сауықтыру гимнастикасынан сабақ беріп жүрдім. Сол кезде менің жаттықтыру сабақтарымды Белсенді ұзақ орталығының директоры Мұхтар Еркетаев келіп көріп, мені өз ұжымына жұмысқа шақырды. Сөйтіп орталықтың Сарыарқа ауданындағы бөліміне психолог болып жұмысқа кірдім. Ал 2022 жылдың ортасынан бастап осы Белсенді ұзақ өмір сұру орталығының емдеу-алдын алу бөлімінің басшысы қызметіне ауыстым. 

Биылдың басынан бастап орталығымызда өткен штаттық өзгерістерге байланысты Әдістемелік және есептік бөлімнің басшысы міндетін атқарып жүрмін. Біздің бөлімге белсенді ұзақ өмірді ұйымдастырудағы негізгі міндеттер жүктелген. Астана қаласындағы 5 аудан бойынша қызмет алушыларға сапалы әлеуметтік қызмет көрсетуді үйлестіреміз.

Қалай белсенді өмір сүру керек: Жетпістегі қария волонтер болып жүр

- Қызметіңіздің ерекшелігіне тоқсалсаңыз? Қандай әлеуметтік қызмет түрлері көрсетіледі?

Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарының басты мақсаттарының бірі – зейнет жастағы адамдарды әлеуметтендіру үшін қолжетімді жағдайлар жасау. Бүгінде егде жастағы адамдардың белсенді өмір салтын ұзарту мотивациясын қалыптастыру үшін 6 түрлі әлеуметтік көмек көрсетеміз. Олар: әлеуметтік сауықтандыру, әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-экономикалық, әлеуметтік еңбек, әлеуметтік бос уақыт және т.б. қызметтер.

Қаламыздағы Алматы, Байқоңыр, Есіл, Нұра және Сарыарқа аудандарында дәрігер, психолог мамандар қызмет алушыларды алғашқы медициналық тексеруден өткізіп, психологиялық бақылауда ұстайды. Бұл зейнеткерлеріміздің физикалық және эмоционалдық жағдайын сақтауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар сауықтыру сабақтарының әдістемесін қалыптастыру арқылы Орталыққа келетін егде жастағы адамдардың сабаққа қатысуын, денсаулығы мен эмоционалдық жағдайының оң динамикасына статистикалық есеп жүргіземіз.

- Өміріңіздің саналы жылдарын ағартушылық, ұстаздық жолға арнадыңыз. Бүгін міне, әлеуметтік салада жемісті еңбек етіп келесіз. Осы саланы меңгеріп кету қиынға соққан жоқ па?

Мен педагогикалық және ғылым жолында 30 жылдай қызмет еттім. Медицина саласында оқытушылық қызмет атқардым. Сол жерде жинаған педагогикалық және ғылыми жұмыс тәжірибемді егде жастағы адамдардың физикалық денсаулығын нығайтуға жұмсап жүрмін. Менің жұмыс тәжірибем жаттығулар мен әдістерді таңдаудың әдістемелік негіздерін әзірлеуде, сондай-ақ қызмет алушыларға эмоционалдық тұрғыдан көмек көрсетуге мүмкіндік берді.

Өзім зейнеткер болғасын, зейнет жастағы адамдардың жағдайын жақсы түсінемін.

Бүгінде қызмет алушылармен жұмыс істейтін мамандар жеткілікті. Орталықта еңбек терапиясы, дене шынықтыру инструкторлары, мәдени ұйымдастырушылар, психолог, дәрігер мамандар құлшыныспен жұмыс істеп келеді. Аға буын өкілдерінің дені сау болып, қоғамымыздың өміріне белсене араласып, ұзақ өмір салтын қалыптастыруға үлесімізді қосып келеміз деп айта аламын.

Қалай белсенді өмір сүру керек: Жетпістегі қария волонтер болып жүр

- Жалпы еңбек жолыңыз бен өмір жолыңыз қалай басталды? Қандай ортада туып өстіңіз?

Мен осы Астана қаласының тумасымын, қарапайым отбасында тәрбиелендім. Екі ағам мен бір бауырымның ортасында еркелеп өстім деп айта аламын. Орта мектепті аяқтағаннан кейін Алматы қаласындағы ҚазМУ-ге оқуға түстім. 

Жоғарғы оқу орнын тәмамдағаннан кейін туған қалам Целиноградқа оралып, биолог маман ретінде оқытушылық қызметтен бастадым. Аспирантураны аяқтап, жоғары жүйке қызметінің физиологиясы бойынша кандидаттық диссертациямды қорғадым.

- Ғылымдағы жетістіктеріңізге тоқталсаңыз?

Мамандығым бойынша психофизиологпын. 50-ден астам ғылыми жарияланымдарым бар. Менің ғылыми жетекшілік етуімен ғылыми еңбектерін қорғаған шәкірттерім де бар. Өзім оқытқан шәкірттеріммен мақтана аламын, олар Қазақстан ғылымының дамуына өз үлесін қосып келеді.

Қалай белсенді өмір сүру керек: Жетпістегі қария волонтер болып жүр

- Естуімше, қазақтың белгілі ақыны, мемлекет және қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллинге жақындығыңыз бар екен, қандай туыссыздар? Бала кезден есте сақтап қалған естелік әңгімелеріңіз бар ма?

Сәкен Сейфуллин – нағашыларым жағынан туыс болыпп келеді. Оның есімін мақтан тұтамыз. Анамның нағашы ағасы – ақын С.Сейфуллин тұтқынға алынған кезде, туыстары тұтқындалмау үшін Алматыдан кетуге мәжбүр болған екен, сол кезде анам Алматыда оқып жүрген еді. Туыстарының біразы Ташкентке, Қарағандыға, Ақмолаға көшіп кетті.

Есімде қалғаны 60-жылдардың ортасында С.Сейфуллиннің туған жері Қарағанды ​​облысында 70 жылдық мерейтойын қалай атап өтуге ата-анаммен бірге барған болатынмын. Сонда Сәкеннің жолдастарынан оның Омбыдағы ақ гвардияшылар тұтқынынан аман қалуы туралы естелік әңгімелерін естідім.

Сәкен ағаның Әбен, Мәлік, Мәжит деген аға-әпкелері болған, туыстарының біразы бала кезінде шетінеп кеткен. Мәжит Сейфуллиннің қызы Рымжан Мәжитқызымен Алматыда оқыған жылдарында жақсы араластым. Ол Алматы ауыл шаруашылығы институтында ұзақ уақыт қызмет атқарған. Сәкеннің артында қалған барлық туған -туыстары оның мұрасын кеңінен насихаттап, рухына тағзым етеміз.

- Роза Махметқызы, әңгімеңізге рақмет! Еңбегіңіздің зейнетін көре беріңіз!

Өзгелердің жаңалығы