Қала дамуына тұрғындар да жауапты

3 Мамыр 2023, 18:42
788
Бөлісу:
Қала дамуына тұрғындар да жауапты

Тұрғындардың қаланы дамытуға қатысты ұсыныс білдіруге толық құқығы бар, деп хабарлайды Ақмола облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Владимир Фелбелт мәлімдеді.

Ол атап өткендей, басқарма қызметінің басым бағыттарының бірі – облыстың елді мекендерін бас жоспар, даму және құрылыс схемаларын, егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларын қамтитын қала құрылысы жобаларымен қамтамасыз ету болып табылады.

Бүгінгі таңда облыстың 605 елді мекенінің 492-і бас жоспармен қамтамасыз етілген. Бұл 81% - ды құрап отыр. Олардың ішінде облыстық маңызы бар қалалар, 17 аудан орталығы, сондай-ақ халық саны 5 мыңнан асатын ауылдар бар. Аталған мәселе Аршалы, Бурабай, Егіндікөл және Шортанды аудандарында оң шешілуде. Онда 2000 жылға дейін әзірленген бас жоспарлар сақталған және елді мекендерді салуда пайдаланылады. Алайда, аудан әкімдіктері 90-шы жылдардағы әзірлемелер жаңартуды талап ететінін ұмытпауы керек, – деп атап өтті Владимир Фелбелт.

2023 жылға арналған облыстық және жергілікті бюджет қаражаты есебінен одан әрі құрылыс салу үшін 38 елді мекенде қала құрылысы жобаларын әзірлеу жоспарланған. Басқарма басшысының орынбасары неліктен барлық елді мекендер бас жоспармен қамтамасыз етілмейтінін түсіндірді.

Өңірде, еліміздің барлық облыстарындағыдай, келешегі жоқ елді мекендер бар. Онда тұрғындар саны күрт азайып, 100-ден аз адамды құрап отыр. Ондай елді мекендерде мектептер мен балабақшалар жабылады, тиімді өндіріс ошағы жоқ. Демек, жақын арада тұрғын үй және әлеуметтік нысандар құрылысы болмайды. Даму қарқыны жоғары ауылдарға, мысалы, елордалық аймаққа немесе Ақкөл ауданына басымдық беріледі. Алайда, егер тұрғындары аз ауыл дами бастаса, бір ай ішінде құрылысты дамыту схемасы жасалады, - деді Владимир Фелбелт.

Облыстың елді мекендерін қала құрылысы жобаларымен одан әрі қамтамасыз ету 2025 жылға дейінгі жаңа бас жоспарлар, даму және құрылыс салу схемалары, егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларын әзірлеу және қолда бар түзетулер бойынша Жол картасына сәйкес жүзеге асырылады.

Қазіргі уақытта облыс орталығы Көкшетауда құрылыс қарқынды жүргізілуде. Қаланың орталық бөлігінде ескі ғимараттардың орнына тұрғын үй кешендері салынуда. Шаһардың солтүстік бөлігінде «Сарыарқа» жаңа шағын ауданы пайда болды, - деп атап өтті Владимир Куртьевич.

Әрине, қала аумағындағы құрылыс жұмыстарында проблемалық мәселелер де бар. Мысалы, нысандардың, оның ішінде көппәтерлі тұрғын үйлердің «нүктелік құрылысы». Тұрғын үйлердің тығыз салынуы жақын маңдағы үй тұрғындарының наразылығын тудырады. Осы ретте басқарма басшысының орынбасары азаматтардың қаланың бас жоспарын талқылауға қатысуға құқығы бар екенін еске салды.

Әзірге тұрғындар аса белсенді емес. Тапсырыс беруші мен жобаны әзірлеушілерге қойылатын талаптар нысандар салынғаннан кейін басталады. Өзгерістерді даму сатысында енгізу керек. Содан кейін ешқандай проблемалар мен түсініспеушіліктер болмайды. Басқарманың міндеті-ақмолалықтардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау. Бұл қалалық, аудандық және облыстық әкімдіктердің азаматтық қоғаммен бірлескен үйлесімді іс-қимылына байланысты. Қазір облыс орталығының бас жоспарын егжей-тегжейлі талқылау жүріп жатқан кезде, баршаңызды осы маңызды процестің белсенді қатысушылары болуға шақырғым келеді. Талқылауларға, қоғамдық тыңдауларға қатысу қажет. Тұрғындар қаладағы оң өзгерістерге тікелей қатысы барын түсінулері керек. Бас жоспардағы жұмыс екі жылға жалғасады. Тұрғындардың тұрғын үй және өнеркәсіптік аймақтарды дамыту бойынша ұсыныстарын күтеміз, – деп толықтырды басқарма басшысының орынбасары.

Оның айтуынша, өкінішке қарай, қазір өңірде сәулет-қала құрылысы кеңесі жоқ. Оның шешімдері әзірленіп жатқан жобалардың сапасына оң әсерін тигізетін. Осыған байланысты басқарма уәкілетті органға қазіргі уақытта әзірленіп жатқан Қала құрылысы кодексіне қала кеңесінің мәртебесін заңнамалық бекіту туралы ұсыныс енгізді.

Сондай-ақ, жерасты және жер үсті коммуникацияларын түгендеу жұмыстары жалғасуда. Биыл Атбасар мен Щучинск қалаларында жұмыстар аяқталып, Ерейментау, Ақкөл қалаларында және Жақсы ауылында басталады. 2024 жылдың соңына дейін облыстың барлық аудан орталықтарының құрылыс салынған аумақтарында түгендеу жүргізу жоспарлануда.

Инженерлік желілер бойынша мәліметтерді электрондық форматқа көшіру, олардың қамтамасыз етілуі мен бос қуаттылығы туралы ақпаратты өзектендіру, сондай-ақ барлық әлеуетті құрылыс салушыларға деректерге қол жеткізуді ұсыну құрылыс нысандары үшін техникалық шарттарды алу процесін электрондық және ашық етеді. Демек, бұл елді мекен аумақтарында құрылыс жүргізуді тиімді жоспарлауды және құрылыс көлемін ұлғайтуды қамтамасыз етеді, - деп атап өтті Владимир Фелбелт.

Ол атап өткендей, Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларын қоса алғанда, барлық деңгейдегі қала құрылысы жобаларына мемлекеттік сараптамадан міндетті түрде өту туралы мәселесін пысықтау үстінде. Осы өзгерістерді биыл заңнамаға енгізу жоспарлануда.

Өзгелердің жаңалығы