ПТР-анықтамасы жоқ 269 шетелдік шекарадан өткізілмеді

17 Ақпан 2021, 07:44
1296
Бөлісу:
ПТР-анықтамасы жоқ 269 шетелдік шекарадан өткізілмеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Коронавирусқа ПТР-анықтамасыз Атырау облысындағы мемлекеттік шекарадан өтпек болған 269 шетелдік елге кіргізілмеді.

ҚР Үкіметі жанындағы Қазақстанда коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның ақпаратына сүйенсек, Атырау облысында «Атырау – РФ Астрахан» мемлекеттік шекарасындағы «Құрманғазы» автоөткелі арқылы азаматтардың келуіне мониторинг күн сайын жүргізіліп келеді. 

Мәселен, тек соңғы тәулікте (15.02.2021 жыл) облыс аумағына мемлекеттік шекара арқылы 180 адам, оның ішінде 7 жолаушы және 173 халықаралық жүк тасымалдарын жүзеге асыратын жүргізуші өткен. Оның ішінде 3 адамда COVID-19-ға анықтама болмаған. Олар карантиндік стационарға орналастырылды. 

Шектеу шаралары енгізілген уақыттан бастап Атырау облысына 23 082 адам, оның ішінде 3 366 жаяу жолаушы, 19 716 жүргізуші келді. ПТР-анықтамасыз келген 269 шетел азаматына ел аумағына өтуіне тыйым салынды. Онымен қоса, анықтамасыз келген Қазақстанның 2 494 азаматына COVID-19-ға ПТР-тестілеу жүргізіліп, талдау нәтижесінде коронавирустың шеттен әкелінген 9 жағдайы (6 жүргізуші, 3 жолаушы) анықталды, – делінген ақпаратта.


Өзгелердің жаңалығы