Психолог: Карантин кезінде тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсеткіші артты

30 Сәуір 2020, 16:50
2196
Бөлісу:
Психолог: Карантин кезінде тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсеткіші артты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы "Тұрмыстық зорлық-зомбылықты қалай тоқтатамыз?" атты онлайн брифинг барысында айтылды.

Бүгін Қазақстанның баспасөз орталығы "Тұрмыстық зорлық-зомбылықты қалай тоқтатамыз?" атты онлайн брифинг өткізді. Брифинг барысында психолог Салтанат Мәусейітова Қазақстандағы "Дағдарыс орталықтарының одағы" ЗТБ жиырма жыл көлемінде тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесімен айналысып келетінін айтты. Одақ Қазақстанның 12 аймағынан 18 мемлекеттік ұйымды біріктіреді. 

Осы бағытта отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресу негізі екіжақты жұмыс екенін айту кету керек. Қазақстанда қазіргі таңда жәбірленуші жақпен  дағдарыс орталықтары жұмыс істейтін болса, өкінішке қарай, көбінесе агрессия тетігі саналатын ер адамдармен жұмыс жүргізілмейді. Осыған байланысты биыл наурыз айынан желтоқсан айына дейін Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы мемлекеттік гранты арқылы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен осындай жобаны жүзеге асыру мүмкіндігі туды. Бағдарлама аясында отбасындағы агрессияның пайда болуының негізгі себептері сараланады, агрессиямен күресудің әдіс-тәсілдері үйретіледі, психолог пен психотерапевттің кеңестері арқылы агрессордың қажеттіліктері анықталады. Яғни, агрессор неліктен дәл осы жағдайда қол көтерді, неге басқа жағдайда басқа іс-әрекет болды, оның негізгі мотивациясына не себеп, неге бұл адам дәл осы уақытта өз эмоциясымен күресе алмады, деген сияқты сұрақтардың аясында жұмыс істейді, - дейді ол. 

Сондай-ақ, психолог бағдарлама барысында полиция қызметкерлері арнайы оқудан өтіп, халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілетінін жеткізді.

Тағы бір айта кетерлік жайт, агрессор өзінің істеген ісіне жауап беруі үшін мотивация беру шаралары жасалады. Бағдарламаның негізгі мақсаты – агрессордың істеген зорлық-зомбылығының қылмыс екеніне назарын аударып, жауапкершілікті сезіндіру және келешекте мұндай әрекеттерді қайталамауына ықпал ету. Сондай-ақ, тұрмыстық зорлық-зомбылық әсерінен болатын ажырасу деңгейін төмендету, - дейді Салтанат Мәусейітова.

Салтанат Мәусейітова карантин кезінде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың саны 4 есеге көбейгенін айтты.

Бұл көрсеткіштің өсуіне карантин шаралары, оқшаулану, экономикалық жағдайдың қиындауы және адамдардың далаға шығуға мүмкіндігінің болмауы себеп болып отыр, - дейді ол.
Өзгелердің жаңалығы