Психологтан ата-аналарға кеңес: Баланы салыстыруға, кемсітуге болмайды

22 Ақпан 2021, 12:20
11510
Бөлісу:
Психологтан ата-аналарға кеңес: Баланы салыстыруға, кемсітуге болмайды
EX

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Әлем тез өзгеріп жатыр. Бала тәрбиесінде қолданатын кейбір классикалық әдістер мен тәсілдер енді тиімді емес. Оны да заманға сай сүзгіден өткізу керек. ХХІ ғасыр - технологияның дамыған заманы. Заманға сай балалар да өсіп келеді. Олар ақпаратты тез игеріп, әлемде болып жатқан оқиғалардан хабардар болып отырады. 

Нұр-Сұлтан қаласындағы М.Дулатұлы атындағы №68 мектеп-гимназиясының педагог-психологы Райгүл Сайлаубаева сұхбат барысында заманауи балалардың психологиялық денсаулығы, оларға қалай көңіл бөліп, тәрбиелеу керегі туралы сөз қозғады.

18 жылдық тәжірибесі бар педагог-психологтың айтуынша, әр заманның өзінің балалары бар. Мысалы, 2015-2016 жылдан бастап интернетте, компьютерде көп ойнайтын балалармен жұмыс жүргізе бастаған. Ол айтқандай, соңғы жылдары өсіп келе жатқан мектеп оқушысының басым көпшілігі ақпараттық технологияларға бейімделген.

Мектеп психологының міндеті

Мектеп педагог-психологы бірнеше бағыт бойынша жұмыс істеледі. Олар - диагностикалық, коррекциялық, ағартушылық, кеңес беру. Жалпы стандарт, оқу жоспарына сәйкес балалардың таным процестерін зерттеп, оқу үлгерімін, дарынды балалардың қабілеттерін арттыру бойынша жұмыстар жүргізіледі. Сонымен қатар балалардың психологиялық ахуалы, психологиялық денсаулығы қадағаланады. Отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын алу жұмыстары, сондай-ақ, ең өзекті мәселе - суицидтің алдын алу бойынша мектепте ағартушылық жұмыстары жүргізіліп отырады, - дейді маман.

Одан бөлек, мектеп психологтары ата-аналарға балалардың психологиялық денсаулығы дұрыс қалыптасуы үшін отбасындағы атмосфераға назар аударылуы қажет екенін түсіндіреді.

Қазіргі кезде балалардың психикасы бұрынғымен салыстырғанда өте өзгермелі. Өйткені оларға келіп жатқан ақпарат өте көп. Бала болғаннан кейін қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс екенін де біле бермейді. Сондықтан балалардың психикалық денсаулығы төңірегінде атқарылатын жұмыстар аз емес. Емтихан, түрлі сынақтар алдында балалардың өз-өздеріне сенімді болып, кімнен кеңес алып, нені ескеру керектігіне бағыт беріледі, - деп түсіндірді мектеп психологы.

Психологтан ата-аналарға кеңес: Баланы салыстыруға, кемсітуге болмайды

Сонымен қатар психолог-педагогтар балалардың стресс, дағдарыс жағдайына түсіп кетпеуінің алдын алу бойынша жұмыстар жүргізеді.

Әр жас ерекшелігіндегі баланың өзі айналысатын әрекеті, жұмысы, қызығушылығы бар. Оны міндетті түрде ескереміз. Мысалы, 1-сыныпқа келген баламен бейімделу жұмыстары, яғни мектепті қалай қабылдайды, оның көзқарасы, мектепті білім алу ортасы екенін сезіндіру тәрізді жұмыстар жүргізіледі. Ал 4-сыныпты бітіріп, 5-сыныпқа көшкен балада пән мұғалімдері өзгереді. Бұрын тек бір мұғалім білім берсе, енді бірнеше мұғалім сабақ береді. Осыған бейімдейміз. Сондай-ақ, 9-11 сыныптарда кәсіптік білім беру жұмыстары, мамандық таңдау, жоспарын іске асыру бойынша жұмыстар жүргізіледі, - деп атап өтті ол.

Балалардың психикалық денсаулығы, өмір қауіпсіздігі бойынша ата-аналармен, мұғалімдермен және оқушылармен бірлесе отырып жұмыс жасалады.

Қазіргі балалар психологиялық сауатты

ХХІ ғасырдың балаларын осыдан 10 жыл бұрынғы балалармен салыстырып қарайтын болсақ, олардың психологиялық сауаты, психологиялық білімі айтарлықтай дамыған. Өйткені алғашқы жылдары сынып жетекшісі психологқа ертіп апарса, балада қорқыныш болатын. «Біз не бүлдіріп қойдық?! Біздің денсаулығымыз дұрыс қой» деген сияқты түсінік болатын. Қазір балалар психолог көмегіне өз еріктерімен жүгінеді. Олар өз проблемаларын айтып, психологтан бағыт-бағдар беруді сұрап, жүгініп жатады, - дейді психолог Райгүл Сайлаубаева.

Осыдан балалардың көзқарастары кеңейіп, психологиялық қызметті қалыпты дүние ретінде сезіне алатындарын көруге болады. Яғни бұрын қорқынышпен келсе, қазір емін-еркін келіп, психологтан кеңес алып, онымен дос та бола алады.

Психологтан кеңес

Сондай-ақ, педагог-психолог ата-аналарға және оқушыларға бірнеше кеңесін айтты.

Психологиялық денсаулық – адамның күнделікті күйі. Яғни адамның психологиялық денсаулығы өмірде қалай ойлайтынынан, нені сезінетінінен, қалай әрекет ететінінен анықталады. Психологиялық денсаулық та тән денсаулығы секілді маңызды, - деді ол.

Психолог Сайлаубаеваның сөзінше, тән денсаулығы мен жан денсаулығының бір үйлесімделікте болуы маңызды.

Балалар жас ерекшеліктеріне байланысты өздерінің негізгі әрекеттерімен айнылысулары керек. Мысалы, кішкентай бала ойынмен дамуы керек. Орта жастағы балалардың негізгі әрекеті – оқу, білім алу, сауатты болу. Осыған көңіл бөлу керек. Бұл жастағы балалар бастауыштан бастап орта сыныпқа дейін білімдерін толықтырып алулары керек. Ары қарай достық сезімін, айналасындағылармен қарым-қатынастарын кеңейтеді, - дейді маман.

Психологтан ата-аналарға кеңес: Баланы салыстыруға, кемсітуге болмайды

Баланы салыстыруға немесе кемсітуге болмайды

Психолог адамдар ең алдымен өздеріне сенімді болулары қажет екенін айтты.

Ата-аналар балаларын күнделікті жағдайды сыйлай білуге үйретулері керек. Мысалы, қандай жағдай болмасын ата-ана бала өзінің баласы екенін ұмытпауы тиіс. Баласының барлық жетістігімен, кемшілігімен сол қалпында қабылдай білуі қажет. Менің ойымша, баланы басқа біреумен салыстыруға немесе кемсітуге болмайды. Өйткені ол өзінің баласы, осы күнге дейін қандай болса, солай қабылдау керек. Балаларды мейірім мен жан шуағына бөлеп отырған дұрыс. Тек қана оларды жазалап, салыстыра бермей, оны мадақтап, өзінің өмірінің мәні екенін баласы сезіне білуі тиіс, - деп атап өтті ол.

Сонымен қатар, маман атап өткендей, мейірім, махаббат және сүйіспеншілікпен туылғанын сезініп өскен бала міндетті түрде ата-анасының үмітін ақтайтын азамат болып қалыптасады. Сондықтан ата-аналар баласына тәрбиесін мейіріммен, жылулықпен беруі керек.

Балаға жылы сөзді аямай, оларды үнемі қолдап отырған дұрыс. Қателескен күннің өзінде оны айғай-шумен, кикілжіңмен шеше алмайды. Керісінше жағдайды түсіндіріп, одан шығу жолын қарастырып, баласына сенімділікпен қарауы қажет. Бала мен ата-ана арасындағы ынтымақтастық, мейірім, жан шуағы бірге болуы керек. Себебі көп жағдайда ата-аналар жұмысбасты болып, баламен көп сөйлесе бермейді. Осылайша бала да ашылып көп дүниені айта бермейді. Бала ашуланып жауап берсе, оған әке-шешеден де сондай жауап қайтады. Сөйтіп проблеманың үстіне проблема жиналып, қоғамдағы келеңсіз жағдайлардың туындауына себеп болады. Сондықтан ата-ана дер кезінде баладағы бір өзгешелікті байқаса, оны тергемей, керісінше өзіне жақын тартып, жан дүниесімен бөлісіп, әңгімелесуі керек. Сонда ғана бала бар сырын, шындығын айтады, - деп қорытындылады өз сөзін Райгүл Сайлаубаева.

Өзгелердің жаңалығы