Психолог мамандар: Тапшы ма, әлде сұраныс жоқ па?

25 Сәуір 2023, 11:01
1585
Бөлісу:
Психолог мамандар: Тапшы ма, әлде сұраныс жоқ па?
Фото: massaget.kz

Психолог — шыныңды да, сырыңды да айтқыза білетін, күйзеліске түскенде көмектесетін бірден-бір маман. Алайда бүгінде адамдарға қиналған сәтінде қолдан келгенше демеу көрсетіп, кеңес беретін осы мамандық иелері арасында қазақ тілді психологтар аз, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Дерек және себеп

Қамшының сабындай қысқа өмірде көңіл күйдің пәс түспегеніне не жетсін?! Алайда көңілсіз, мұңды сәттерді бастан өткізген жағдайда сырыңды бөлісіп, іштегі шеріңді тарқатсаң, жаның жеңілдеп қалатыны рас. Бір қызығы, біз адамдар арасында кездесетін осындай күйзелістер болатынын көзбен көрсек те, көрмегендей кейіп танытамыз.

Өркениетті елдерде күйзеліске түскен адам дереу психолог маманның көмегіне жүгінеді. Адамның жан дүниесін жете түсінетін психологтар қолдан келгенше жүйкеңе жүк түсірген жайларды зерделеп, басыңа үйірілген қара бұлтты сейілтуге күш салады. Ал біздің елімізде сәл басқашалау. Бізде психолог маманның көмегіне басқа амалымыз қалмай, ақырында тығырықтан шығатын жол көрсетер жан қажет болғанда ғана жүгінеміз.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сүйенсек, бүгінде әлем бойынша 1 миллиард адам психикалық аурулардан зардап шегеді, оның ішінде еңбекке қабілетті жастағы ересектердің үлесі — 15 пайыз. Соңғы жылдары, нақтырақ айтсақ, әлемде пандемиядан кейін бұл көрсеткіш үлесі артқан.

Ал біздің еліміздегі көрсеткіш қандай? Өткен жылдың ресми статистикасына сүйенсек, Қазақстанда түрлі психикалық ауруларға ұшыраған жандардың саны 300 мыңнан асқан. Бір жылдың өзінде психикалық ауытқуы бар 10 мыңға жуық, сондай-ақ нашақорлықпен ауыратын 13 мыңға жуық науқас тіркелген. Ал Ақтөбе облысында соңғы жылдары 7 мыңнан астам психикалық ауру белгілерімен есепке алынған. Бүгінде бұл өңірде қанша адамның осы дертпен ауыратыны жайлы нақты дерек жоқ.

Жасыратыны жоқ, соңғы кезде жүйке ауруына, соның ішінде күйзеліске ұшырағандар саны қай өңірде болсын көп тіркелуде. Мамандардың айтуынша, бүгінде жүйке жүйесінің дерті, ауыр қайғының соңы азапты ауруға соқтыратынын бағамдамайтындар уақытын өткізіп алып, сан соғып қалып жатады. Күйзеліске ұшырағанда тез арада психологқа, психотерапевтке көрінуге сол баяғы қазақы жайбасарлығымыз жібермейді.

Психолог Назгүл Молдашеваның айтуынша, қоғамдағы өзгерістер, әсіресе, халықтың әлеуметтік жағдайының төмендеуі адамдардың жүйкесіне қатты әсер етеді. Сондай-ақ, жұмыссыздық пен жоқшылықтың, отбасындағы қиындықтардың да тигізер «көмегі» жетерлік.

Қазір психологтың көмегіне жүгінетіндердің көп бөлігі — жастар. Себебі жастардың ақылы білім алуы, ертеңгі күніне деген сенімсіздігі, кейбірінің үйде жұмыссыз отырып қалуы да күйзеліске ұшырауына басты себепкер болады. Ал мұндай жағдай кез келген адамның психикасына әсер етпей қоймайды. Аталған факторлар адамдардың өзіне-өзі қол жұмсауына, әсіресе жасөспірімдер арасында суицидтің көбеюіне ықпал етеді. Оның басты себебін үйдегі тәрбие құралының рөлін атқарып отырған «теледидар» мен «ғаламтордан» іздеген жөн. Өкінішке қарай, онда зорлық-зомбылықтың түр-түрі, өзін-өзі қалай өлтірудің жолдары көрсетіледі. Басына түскен ауыртпалықтың бәрі өтпелі екенін бағамдамайтын жастар бұл дүниенің азабынан оп-оңай құтылудың жолы осы екен деп өз-өздерін өлімге қиып жатыр. Олардың мұндай күйге ұшырауына қоғам болып атсалысудың орнына жат қылықтарды өзіміз үйретіп отырмыз. Психикасында ауытқу болғанын байқамаймыз. Жасты да, жасамысты да жат жолдан арашалап қалу үшін психолог пен психотерапевтің көмегіне жүгіну қажеттігін ескере бермейміз, — дейді шаһардағы «Иматон» психотерапия орталығының психологы Назгүл Молдашева.

Маманның айтуынша, бүгінгі күні аталған орталыққа мектеп жасындағы баладан бастап, егде жастағы ересектер де көп келеді екен. Әрқайсысының өз мәселесі бар. Біреуін баласының мінезі, оқуға деген ынтасының күрт төмендеуі толғантса, біреуін жеке басындағы қиындықтар мен отбасындағы жағдай ойлантады. 

«Сұраныс аз, маман жоқ...»

Бүгінде қаламызда «Тұмар», «Я», «Вита», «Иматон», т.б көптеген жеке психологиялық қолдау орталығы бар. Бұл орталықтардағы психологтардың қызметіне жүгіну үшін қаржыңыздың мол болуы шарт. Мәселен, психологтың сізге арнайтын бір сағатының орташа құны —5-8 мың теңге. Сізге бір апта, не болмаса бір ай емделесің деуі мүмкін. Ендеше қанша қаржы қажет екенін өзіңіз есептей беріңіз.

Тағы бір айта кетер жайт, орыс тілді психологтарға қарағанда қазақ тілді психологтардың қызметі сәл қымбаттырақ болады. Себебі қазақ тілді психологтар аз. Жоғарыда атап кеткен орталықтарда жұмыс істейтін мамандардың дені — орыс тілді психологтар.

Бүгінде еліміздегі кейбір меке­мелерде психолог мамандар жұмыс істейді. Олар қолдан келгенше жұмыр бас­ты пенденің жүйкесіне жүк түсірген жай­ларды зерттеп, азаматтарға қолдан кел­генше демеу көрсетеді. Әйтсе де, кейбіреулер іштегі сырын оңаша отырып ой­лас­қанды қалайды. Осындайда жеке пси­хологтар санаулы ғана деп айтуға болады. Өйткені олардың жұмыс жа­сауына ешқандай мүмкіндік жасал­маған. Және халық­тың санасы да әлі психоло­гияны толық ұғына қоймаған. Сол себепті жеке психологқа келушілердің саны аз. Арнайы ғи­марат жалдап, адам қабылдап отырғаннан кейін психологтар табыс тапқанды дұрыс көреді. Ал оған қарапайым халықтың қалтасы көтере бермейді. Сондай-ақ, жеке орталықтарда да қазақ тілді психологтардың саны әлдеқайда аз. Менің ойымша, бұл біріншіден, жастардың осы мамандыққа деген қызығушылығының жоқтынан десек, екіншіден жалақының аздығы, одан қалды халықтың сұранысы да аз. Себебі орыстарға қарағанда қазақтар психолог маманның көмегіне көп жүгінбейді. Одан балгер, көріпкелдердің есігін тоздырғанды жөн көреді, — дейді маман.

Оның айтуынша, аталған орталықта 3 психолог жұмыс жасайды. Оның екеуі орыс тілді, біреуі қазақ тілінде қызмет көрсетеді. Орталық аптасына бес күн жұмыс істейді, тұрғындар алдын ала жазылып келуі тиіс.

Осы орталықта жұмыс жасағаныма біраз жыл болды. Біраз төселіп қалдым. Қазір бұрынғыдай емес, біздің көмегімізге жүгінетіндердің саны күн санап артып келеді. Оның ішінде қазақ әйелдері көп келеді. Біз олармен әңгімелесу арқылы, тест, сауалнамалар жүргізіп, әдіс-тәсілдер қолданамыз, кеңес береміз, қиындықтарға тап болған сәтте өздерін қалай ұстау керектігін түсіндіреміз, — дейді ол.

Психолог маманның сөзінен аңғарғанымыз, қазір жеке психологқа барып, кеңес алатын қазақтардың саны жыл сайын артып келеді екен. Әрине, бұл — қуантатын жайт. Себебі әркім материалдық игілік соңында кетіп, өзі үшін ғана өмір сүретін бүгінгі қоғамда рухани жағынан көмек беретін, қиындыққа тап болып, қиналған сәтте басыңды қайғы мен ашудан азат ететін маманның көмегі қажет-ақ.

Адамның жаны өте нәзік келеді. Біз кейде жанымызда жүрген жақындарымыздың ішкі жан дүниесіне үңілмейміз. «Жаман айтпай, жақсы жоқ» дегендей, бүгінде ішкі сырын ешкіммен бө­лісе алмай, іш құса болған кейбіреулердің бұл дүниені тәрк етіп, ортамыздан ойда-жоқта келмес сапарға аттанып кетіп жатқандары да бар. Осы орайда қажетті ақыл-кеңес бере алатын тәжірибелі психологтар көмегіне халықтың зәру екенін ұғынатын уақыт келген секілді.

Бұл жерде біз ғаламтор арқылы онлайн түрде ақылы кеңес беретіндерді айтып отырғанымыз жоқ. Ондай өте «ақылды» психологтар қазір елімізде көп. Тіпті, олардың көбінің кәсіби білімі де жоқ. Сертификат алып, соның арқасында психолог, коуч, тренер болып жүргендерді бұл қатарға жатқызуға болмайды.

Қазір әлеуметтік желіні ашып қалсақ, психологтардан көз сүрінеді. Бірақ олардың барлығы нағыз маман емес. Көпшілік соны түсінуі керек. Бос уақытын өткізіп, пайдасыз кеңес алғанша, одан да нағыз кәсіби маманмен жүзбе-жүз, қарама-қарсы отырып сөйлесіп, ішіңдегіні тарқатқан әлдеқайда маңыздырақ, — дейді орталық маманы.

Жас мамандарға қолдау керек

Қазіргі таңда еліміздің көптеген жоғары оқу орындарында, оның ішінде біздің өңірімізде де психолог мамандарды дайындайтын факультеттер бар. Оларға жастар барып жатыр ма деген сауалға келсек, ауыз толтырып айтарлық нәтиже көрін­бейді. Себебі олардың саны бір кафедра ен­шісіндегі студенттерден аспайды. Әрине, біздің қолымызда бұл тұрғыда толық дерек жоқ. Алайда жоғары оқу орындарындағы осы мамандықта оқитын студенттердің айтуынша, психолог мамандығына жастардың қызығушылығы төмен. Сондай-ақ, аталмыш мамандыққа білім алуға келгендердің көбісі оны тек диплом алу үшін ғана оқитынын жасырмайды. Төрт жылды тәмамдап, түлеп ұшқаннан кейін ақшасы көп қызметтерге тұруға ты­рысады.

Қазір жастардың көбі өз мамандығы бойынша жұмыс таппай қиналады. Оның ішінде психолог мамандығын бітіргендер де бар. Себебі мемлекеттік мекемелердің барлығы тәжірибелі, жан-жақты білімі бар маман іздейді. Ал жастар осының салдарынан мамандығы бойынша жұмыс таппаған соң, «екі қолға бір күрек» деп кездескен жұмыс пен мардымсыз жалақыға жұмыс істеуге мәжбүр. Одан кейін олар отбасын құрады, баспана жоқ. Заманына сай киінгісі келеді, бірақ, қол қысқа. Осылайша жастар өмірін күйзеліспен өткізеді. Ал бірнеше жыл басқа салада жүрген соң өз мамандығы бойынша алған білімін ұмытып та қалады. Себебі білім оқумен, ізденумен толығады. Сол үшін жастарды қоғамға тартып, жұмыспен қамту қажет, — дейді М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің психология және педагогика курсының аға оқытушысы Гүлмира Жұмалиева.

Ақтөбе облыстық білім басқармасы мамандарының айтуынша, өңірдегі мектептер мен балабақшаларда жалпы саны 493 психолог жұмыс істейді. Ал арнаулы оқу орындарында қызмет ететін мамандардың саны — 33. Яғни, барлық білім беру мекемелерінде психологтар бар. Дегенмен бұл мамандар тек белгілі бір мекеменің ұжымына не тәлім алушысына ғана қызмет көрсетеді. Ал қарапайым халық кімге барады? Кімге барып сырын айтып, ақыл-кеңес сұрайды? Осы тұста жеке психологтардың қаншалықты қажет екендігін сезіну қиын емес. Олай болса, жеке психолог кабинеті мен психологиялық қолдау орталықтарының көбейіп, халықтың сұранысына сай қазақ тілді психологтарды халық игілігі үшін қызмет етуіне жағдай жасап, мүмкіндік тудырған жөн сияқты. Әрине, бұл — келешектің еншісіндегі нәрсе.

P.S. Елімізде жыл сайын мыңдаған адам өмірден баз кешіп, өз-өзіне қол жұмсайды. Оның ішінде жастардың үлесі көп. Көңілге кірбің салатын дерекке назар аударсақ, мұның алдын алу үшін психолог мамандардың жәрдемі қажет екенін көреміз. Сондықтан психология саласына мұрын шүйіріп қарағанды қою керек сияқты. Сіз қалай ойлайсыз, оқырман?

Өзгелердің жаңалығы