Психолог бала тәрбиесінде әр ата-ана білуі тиіс 10 қағиданы атады

26 Қазан 2023, 16:52
1197
Бөлісу:
Психолог бала тәрбиесінде әр ата-ана білуі тиіс 10 қағиданы атады
Фото: Арман Мухатов - архив

Қазақстандық психолог Мөлдір Тоқжанова бала тәрбиесіне қатысты ой өрбітіп, әр ата-ана міндетті түрде ескеруі тиіс он қағиданы тізіп берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Баланы саналы, жауапкершігі мол азамат ретінде тәрбиелеу мәселесі ата-аналарды көп  толғандырады. Осы ретте психология саласында еңбек етіп жүрген маман өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында көпшілік ескере бермейтін ережелерді атап өтті.

 Оның сөзінше, әр баланың өз бетінше орындайтын жұмыстары болуы тиіс.

Баланың міндетті түрде өздігінен орындайтын жұмыстары болуы қажет. Сіз тек осы жұмыстардың орындалуын қадағаласаңыз жеткілікті. Мейлі қаншалықты тиянақты әрі жылдам орындасаңыз да, балаға жүктелген жұмыстарды өзіңіз орындауға тырыспаңыз. Бала кішкентай жұмыстар жасау арқылы жауапкершілікті сезіне бастайтынын естен шығармаңыз, - деп түсіндірді психолог.

Сонымен қатар Мөлдір Тоқжанова баланы тыңдаудың маңызы жайлы айтты.

Балаңызды тыңдауды үйреніңіз. Шыдамды болыңыз, балаңыздың сөзін бөліп, оның ойын өзіңіз аяқтауға тырыспаңыз және баланы асықтырмаңыз. Тыңдалынбаған бала ертеңгі күні өз ойын айта алмайтын ересекке айналады. Балаға өзінің іс әрекетін түсіндіруді үйретіңіз. Яғни бала ең алдымен ойланып содан соң ғана шешім қабылдауды үйренуі қажет. Ең жақсысы өзі сенімсіздік танытқан мәселелерде ата-анасымен кеңесуге болатынын білу, - деді ол.

Сондай-ақ маман баланы тым еркелетпеу керегін де баса айтты.

Баланы қоршаған әлемді танып білуге дағдылаңыз. Оны тым еркелетпеңіз. Онымен өзіңізбен тең дәрежедегі адам ретінде сөйлесіңіз. Есіңізде болсын сіздің сөйлеген сөзіңізді, іс-әрекетіңізді балаңыз қайталайды. Ешқашанда баланың икемсіздігін күлкіге айналдырып және де қорқыныштарына күлмеңіз. Қайта керісінше баланың қорқыныштарын бірге шешіп, сенімді қарым-қатынас орнатыңыз, - деп кеңес берді Тоқжанова.

Айтуынша, баламен "бірге" істейтін жақсы әдеттер көп болғаны дұрыс.

Бүгін "отбасымен" бірге атқарған іс, ертең баланың әдетіне айналады. Баламен "бірге" істейтін жақсы әдеттеріңіз көп болған сайын өзіңіздің жақсы құндылықтарыңызды сіңірте аласыз! Баланың тұлғасы мен қабілеттері тек өзі қызыққан дүниелермен айналысқанда ғана дамиды. Баланы мәжбүрлеп бір әрекетке үйреткенше қызығушылығын оятуға тырысыңыз! Уақытыңыз аз болса да, балаңызбен бірге сапалы уақыт өткізуді әдетке айналдырыңыз. Отбасыда бала асыға күтетін ритуалдар қалыптастырыңыз. Мысалы, барлығыңыз апта соңында кино, мультфильм көруге бару, бірге балмұздақ жеу, апта сайын үйде караокемен ән айту сияқты. Есіңізде болсын, балаңыз сіздің ең басты байлығыңыз! Бала сіздің айнаңыз. Сіз не жасасаңыз, болашақта ол да өз отбасына солай қарайды!, - деп түйіндеді дәрігер.

Өзгелердің жаңалығы