Профессионалдар. Күрішшілер әулетінің бейнеті мен зейнеті

17 Қыркүйек 2022, 09:10
2939
Бөлісу:
Профессионалдар. Күрішшілер әулетінің бейнеті мен зейнеті
PHOTO
Фото: автордан

 Қызылорда облысы Жалағаш ауданындағы «Жаңарық» шаруа қожалығы биыл үлкен өнімнен үмітті. 2002 жылы Қайырмановтар отбасы құрған бұл шаруашылық ала жаздай күріштің күтіміне басымдық берген. Нәтижесі көріп тұрғандай, алқап басындағы өнімнің шығымы бітік. Бұйыртса, қыркүйек айының алғашқы онкүндігінде шаруашылықтың бүгінгі төрағасы Ғалымжан Қайырманов Сыр салысына орақ салуды межелеп отыр, деп хабарлайды Қызылорда облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Екі мыңыншы жылдардың басында отағасына демеу болып, отбасылық кәсіпті бірге бастаған Дариға Мәмбетова әлі күнге дейін еңбектен қол үзген емес. 75-ті еңсерген ардагер апамызға отбасылық кәсіптің бүгінгі тынысы хақында бір-екі сауал жолдағанбыз. Алғы сөзді шаруашылық тарихына бұрған кейіпкеріміз әңгімені әріден бастады. 

Жарылқасын Қайырманов пен Дариға Мәмбетова – білім саласында қажырлы еңбек еткен ардагер ұстаздар. Екі мыңыншы жылдарға дейін Аламесек ауылдық округіндегі №124 орта мектепте мұғалім болған олар уақыт өте кәсіп бастауға бел буған. Бұл – жеке шаруашылықтардың енді құрылып жатқан кезі. Ауылда инженерлік жүйеге келсе де, әлі де игерілмей жатқан жерлер шаш-етектен. Осыны қаперге алған Жарылқасын Қайырманов Аламесекте жеке шаруашылық ашып, ауыл шаруашылығы саласында бақ сынауға бел буады. 

Профессионалдар. Күрішшілер әулетінің бейнеті мен зейнеті

2002 жылы шаруашылық жұмысын 110 гектар жерге дән себумен бастаған. Оның 40 гектарына күріш егілсе, 70 гектар алқапқа жоңышқа орналастырылыпты. Бірақ енді жұмысын бастаған шаруашылық шаруасының ширауына техника мәселесі қолбайлау болған көрінеді. Бір қызығы, Жарылқасын Қайырманов бұл жерлерді 5 жыл бойы жалдамалы техникамен игерген. Шаруашылық құрылған жылы оның техникалық базасында бірде-бір көлік болмапты. 

Біз шаруашылық құрған жылдар өте ауыр кезең болатын. Қаржы тапшылығы ол тұста барлық отбасын айналып өтпеді. Ал біз өндіретін негізгі өнімге келсек, күріштің де нарықтағы бағасы тым төмен болды. Тіпті ол жылдары қазір жанармайға, күрішке, техникаға, тыңайтқышқа берілетін субсидияның бірі де болмады. Осы тығырықтан шығу үшін біз талай бейнетті жолдасым екеуміз еңсердік. Темір өткізіп, одан түскен қаражатқа жанармай, артылғанына тұқым сатып алған күндер де болды. Екі-үш жылдан кейін бақша дақылына да жер ашып, одан шыққан өнімді шаруашылық ұжымы ас-аухат ретінде тұтынды. Ол тұста ұн сатып алудың өзі қарапайым халыққа қиын болды. Біз тағы да жер ашып, бірнеше гектар бидай ектік. Одан шыққан өнімді өзіміз, шаруашылық ұжымы ауылдағы диірменге түйіп, тұрмыста тұтындық. Міне, біз осындай қиын шақта шаруашылық құрдық. Кейін азын-аулақ қаражат қолға тиісімен бір-екі техника сатып алдық. Ол тұста қазіргідей заманауи техникалар біздің ауыл шаруашылығы саласына келе қоймаған. Ескі-құсқы техниканың өзіне қол жеткізу бізге оңай болған жоқ. Шаруашылықтың бүгінгідей дәрежеге жетуі сол жылдарда еңсерген бейнетіміздің өтеуі деп білемін, – дейді Дариға апай. 

«Жаңарық» ШҚ алғашқы жылдары Сыр салысының «Ақмаржан» сұрпын сепкен. Бастапқыда күріштен межелеген өнімге қол жеткізе алмаса да, жоңышқа орналасқан алқаптың әр атызынан 17-18 мың тонна мал азығын жиған. Дариға Мәмбетова алғашқы жылдары тіпті жұмысшылардың өзіне жалақы тауып беру де үлкен мәселе болғанын айтады. 

Профессионалдар. Күрішшілер әулетінің бейнеті мен зейнеті

5 жылдан кейін шаруашылық көршілес Бұқарбай батыр мен Аққұм ауылдық округтерінен ауыл шаруашылығына қажетті бірнеше техника сатып алды. Алайда «Жаңарықтың» жұмысы енді жанданады дегенде, отағағсы Жарылқасын Қайырмановтың денсаулығы сыр берген. Ол тұста үлкен ұлы Ғалымжан Қайырманов аудан орталығындағы ішке істер саласында полиция бөлімі басшысының орынбасары болып жұмыс жасайтын. Ол қызметте жүрсе де, әкесі бастаған кәсіптің тұраламауы үшін қолы қалт еткенде қолғабыс етуді жадынан шығарған емес. Тіпті жыл сайынғы еңбек демалысының 25 күнін көктемде, 20 күнін күзде алып, науқан кезінде әрбір күнін атыз басында өткізіпті. 

Профессионалдар. Күрішшілер әулетінің бейнеті мен зейнеті

Жұмыста жиған тәжірибесімен көзге түскен Ғалекеңнің зейнетке шығуына да мүмкіндік болған. Тәжірибелі маманнан бөлім басшысының да айырылғысы жоқ. Десе де отбасылық кәсіпті ертеңі өзіне қарап тұрғандықтан ол зейнеткерлікке шығып, атакәсіптің алға басуына жұмыс жасауды жөн деп тауыпты.

Ғалымжан Жарылқасынұлы өзі төрағалық еткен алғашқы жылдары да шаруашылық жұмысына техника мәселесі қолбайлау болғанын айтады. Салаға қажетті бірнеше техникаға қол жеткізгенімен көне көлік бұзылмай тұрмайтыны тағы бар. Десе де інісі, «Жаңарықтың» қазіргі инженер-механнигі Рахымжан Қайырмановтың арқасында бұл тығырықтан да шығар жол табылған. Тәжірибелі маман істен шыққан комбайн-тракторлардың ахауын қайта қалпына келтіріп, жұмыстың тұраламауына үлкен еңбек сіңіріпті. 

Профессионалдар. Күрішшілер әулетінің бейнеті мен зейнеті

Одан кейінгі жылдары бізде мұндай мәселе болған емес. Жыл сайын күріштен мол өнім жиып, Сыр салысының сапасы жақсы болғандықтан өнімді ойдағыдай бағаға өткіздік. Кейін тіпті демеуші де табыла кетті. Сол уақыттан бері біз облыс орталығындағы «Абзал и К» компаниясының демеушілігімен кәсібімізді дөңгелентіп отырмыз. Солардың арқасында «Жаңарықтың» техникалық базасы бүгінде заманауи әрі соңғы үлгідегі трактор-комбайндармен жарақталды. Қазір де бұрыннан келе жатқан көне көліктер жоқ емес. Бірақ шаруашылықтың техникалық базасы 80-85 пайызға жаңарып отыр, – дейді төраға Ғалымжан Қайырманов. 

Жарылқасын Қайырманов іргетасын қалаған шаруашылықта бүгінде кенже ұлы Шаншархан Жарылқасынұлы күрішші болып еңбек етеді. Бастапқыда 35-40 гектар Сыр салысының шығымына жауапты болған ол да бүгінде даңғайыр диқандардың ізбасарына айналған. Қазірде Шәкеңе күріштің күтіміне қажетті амалдардың ешқайсысы таңсық емес. Ал Дариға Мәмбетованың 2 келіні – «Жаңарықтың» бүгінгі тәжірибелі аспазшысы. 

Профессионалдар. Күрішшілер әулетінің бейнеті мен зейнеті

Күріш деген дүниеге келген сәби секілді. Пісіп-жетілгенше көп күтімді қажет етеді. Баланы қырқынан шығарғанша қалай күтесің, күріш те сол секілді. Жерге себілгеннен 40 күн бойы оны ерекше күтіп-баптау қажет. Алғашқы жылдары оны салқын суда ұстап тұруға болмайды. Бұрын күзге таман басы салбыраған сабаққа қарап, мол өнім болады деп болжайтын едік. Мұның қате пікір екенін кейін білдік. Суды да әр жиырма күн сайын өзінің беретін деңгейі болады. Сол межеде ғана күрішті суда ұстау қажет. Қазір суды басып жатырмыз. Алдағы он күнде орақ салу рәсімін де бастаймыз. Шығымын көріп тұрсыздар. Бұйыртса, биыл 70 центнерден өнім жиамыз деп межелеп отырмыз, – дейді диқан Шаншархан Жарылқасынұлы. 

Қайырмановтар әулетінен бөлек шаруашылық бүгінде ауылдағы 20 адамды жұмыспен қамтып отыр. Төраға былтыр аяқ су мәселесінің салдарынан межелеген өнімге қол жеткізе алмағанын айтады. Былтыр «Жаңарық» ұжымы Сыр салысының әр гектарынан 45 центнерден өнім жиыпты. Десе де Ғалымжан Қайырманов 2012 жылдан бері ұжымдастарына жалақыдан бөлек қосымша сыйақы үлестіру дәстүрінің желісін үзбеген. Биыл оның көлемі артпаса, кемімейтіні тағы да анық. Себебі диқандардың жүзінде қуаныштың белгісі бар, төрағаның да көңілі тоқ. 

Профессионалдар. Күрішшілер әулетінің бейнеті мен зейнеті

Күріштің күтіміне қызылордалықтар қанық болғанымен өнімнің бұл түрін баптау өзге аймақтар халқы үшін таңсық болуы әбден мүмкін. Иә, Сыр салысы жерге себілгеннен ораққа ілінгенше үлкен күтімді қажет ететіні рас. «Жаңарықтағы» диқандардың 9 айлық еңбегіне қатысты сырына құлақ түрсең, өнімнің бұл түріне қатысты қажетті деректерге қанығасыз. 

Негізінен Сырда егілетін күріштің қай сұрпын алып қарасаңыз да оның пісіп-жетілу уақытында, күтімінде айтарлықтай айырмашылық жоқ. Бірақ біздегі шаруашылықтардың көбісі қазір «Лидер» сұрпына басымдық беріп отыр. Себебі өнімнің бұл сұрпына сұраныс жоғары көрінеді. 

Бір қиыны қазір Сырдың суы тартылып, ала жаздай шім-шіме болатын «Шіркейлі» каналы да маусымында орта белге түсіп тұр. Ал күріш жерге себілгеннен масақ басындағы дәндер толық піскенше суда тұратынын ескерсек, бұл жергілікті шаруашылықтар үшін үлкен мәселеге айналғанын аңғарамыз. 

Профессионалдар. Күрішшілер әулетінің бейнеті мен зейнеті

Өнім бітік болу үшін күрішті суда 90 күн бойы ұстап тұру орынсыз. Себебі атыздағы суды да ауыстырып тұратын өз уақыты бар. Әсіресе Сыр салысын себілгеннен 40 күн бойы жылы суда ұстау қажет. Одан кейін де суды ауыстырып тұратын өз уақыты тағы бар. Қазір біздегі тәжірибелі диқандар алқаптағы дақылды өлшеуіш құралымен суаруға көшкен. Ал оған берілетін тыңайтқыштарды себу тәсілі өз алдына бір әңгіме. Тағы бір айта кететін жағдай, күріш егілетін алқапта ротацияның сақталуы маңызды. Бұл сіздің ала жаздай күтіп-баптаған өніміңіздің сапасына тікелей әсер етеді.    

Айта кетейік, биыл «Жаңарық» шаруа қожалығы 200 гектарға жуық алқапқа егіс орналастырған. Оның 153 гектарына күріштің «Лидер» сұрпын сеуіпті. Бұған дейін «Янтар», «Новатор» сынды Сыр салысының бірнеше сұрпын егумен айналысқан шаруашылық ішкі және сыртқы сұранысты қамтамасыз етуде өтімді болғандықтан 7 жылдан бері «Лидер» сұрпын егуді қолға алыпты. 

Төраға Ғалымжан Қайырманов бүгінде шаруашылықтың 500 гектар жерді игеруге қауһары барын айтады. Алайда ауылда қазір жер мәселесі қат екен. Міне, бастапқыда 70 гектар алқаптағы өнімді күтіп-баптау мұң болған «Жаңарықтың» бүгінде осындай жағдайға жетіп отырғаны көңіл қуантады.

Айтпақшы Ғалымжан Қайырманов басшылық ететін бұл ұжым елді мекендегі мерекелік шараларға демеушілік етуді, ардагерлерге сыйақы таратуды да дәстүрге айналдырған. Былтыр Ғалымжан Қайырманов аудан әкімімен меморандумға отырып, Аламесек ауылдық округіне кіреберіс жолдың қос бетін абаттандыруға келісім алды. Бұйыртса, күзгі науқан жұмыстары бітісімен шаруашылық ұжымы осыған кіріседі. Төраға жолдың бір бетіндегі бос жатқан жерден саябақ ашып, оны ардагер ұстаз, шаруашылықтың негізін қалаған Жарылқасын Қайырмановтың атына беруді жоспарлап отыр.   

Өзгелердің жаңалығы