Профессионалдар. Алып кранды басқарған нәзік күш

Профессионалдар. Алып кранды басқарған нәзік күш

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Өз саласын жетік меңгеріп, білікті маман атанған тұлғалар туралы «Профессионалдар» айдарын жалғастырамыз. Бүгінгі біздің кейіпкеріміз нәзік жандылар істейтін жұмыстар туралы таптаурынды бұзған тұлғаның бірі – Раушан Нұржанова. Ол – мұнара кранының машинисі.

Биікке жетелеген мақсат

Раушан Нұржанова Түркістан облысы Шардара қаласында дүниеге келген. 

Орта білімім бар. Колледжді бухгалтер мамандығы бойынша тәмамдадым. Көпбалалы отбасында тәрбилендім. Біз бес ағайындымыз. Отбасында екіншісімін. Қазір екі баланы өзім мәпелеп, өсіріп отырмын, - деді Нұржанова. 

Ол құрылыс саласына қалай келгенін баяндап берді. 

Менің құрылысқа келіуіме ағам себебші болды. 2012 жылы  мұнара краны машинисінің курсын оқытып, жұмысқа тұрғызды. Қазір құрылыста мұнара кранының машинисі болып жұмыс істеймін. Елордамыздың көркеюіне, тұрғындардың баспанада тұруларына септігімді тигізіп жатырмын деп ойлаймын. Әр жұмыстың өзіне қарай қиындықтары бар,ең бастысы өзіме жұмысым ұнайды, - дейді ол. 

Профессионалдың айтуынша, қазір олар 11-12 қабаттық тұрғын үйлердің құрылысын жүргізіп жатыр. 

Мен сағат 8:00-де келіп, материалдарды қабылдап, қоспаларды қажетті құралдармен жабдықтап, төбеге бригадаға жеткізіп беремін. Қыста жұмыс баяу болады. Бізде жұмыс маусымы жазда қыза түседі. Қыста кран кабинкасы салқындау болса,  жаздағы аптап ыстықта  кабинканың іші қапырық болады. Осындай ауа райына қатысты келеңсіздіктер болмаса, жұмыс қатты қиын деп айта алмаймын. Бұл қызмет өзіме ұнайды. 11 сағат жұмыс істейміз. Осы аралықта аздап шаршайтынымыз бар, - дейді Раушан Нұржанова. 

Оның айтуынша, биіктікті осы жұмысқа орналасқанға дейін ұнатқан. 

Зәулім үйлердің сыртынан ылғи тамсанатынмын. Осы ниетіме қарай, жұмыс та бұйырды деп ойлаймын. Жұмысқа алғаш келгенде бірден ұнатып, білек сыбана кірісіп кеткенім де осыдан шығар. Биікке көтерілген сайын жаным рахаттанады. Нысанның іші мен сыртын алақандағыдай етіп көріп отырасың, - дейді ол. 

Нұржанова атағандай, кран жүкке және желге байланысты шайқалуы мүмкін. 

Әрине, шамадан тыс қатты қозғалғанда қорқамын. Бірақ ондай сәттерде эмоцияға берілмей, техниканы игеруге, жұмысқа аса мән беруге тырысып, артық ойларды жеңемін, - дейді ол. 

Бала тәрбиесі

Жұмыс кестесі бала тәрбиесіне аздап кедергі келтіреді, әрине. Бірақ жұмыстан тыс уақытымды, демалысымды балаларымның тәрбиесіне, олардың қажеттіліктеріне арнаймын. 2013 жылы осы жұмыстан декреттік демалысқа шығып, 2019 жылы қайта оралдым, - дейді Нұржанова. 

Оның айтуынша, құрылыста әйел мен еркектің үлесі бірдей.

Сондықтан болар қиындық аса қатты сезілген жоқ. Мен өзімді оғаш бір қызмет атқарып жүрмін деп ойламадым. Қолыңнан келіп тұрса, мамандықты ер, әйел істеуі керек деп бөлуге болмайды деп ойлаймын. Әрине, көбіне құрлыстан хабары жоқ жандар таңғалады, - дейді ол. 

Құрылысшының хоббиі

Мен қазір арасында, қолым босаған кезде әлеуметтік желіге жұмыстың кейбір көріністерін салып, бөлісемін. Әсіресе, Tiktok-тың трендтері ұнайды. Видео салып, жұмысымды көрсету менің хоббиіме айналды. Оларға жазылатын пікірлерде негатив аз. Көбі таңғалып, таңданысын жеткізіп, мақтау, бата-тілектерін жазады. Негативі бар пікірлерді жүрегіме жақын қабылдамаймын, - деп бөлісті ол. 

Мұнара кранының машинисі өзінің арманын да айтты. 

Арманым - елдің алды емес,арты да емес, ортасында бақытты отбасы болу. Бала-шағамды абыроймен, иман жүзді қылып өсіргім келеді, - дейді ол. 


Фото: дереккөз