Сенатор оқытушылар жалақысын Ұлттық ЖОО деңгейіне жеткізуді талап етті

11 Наурыз 2021, 12:45
3342
Бөлісу:
Сенатор оқытушылар жалақысын Ұлттық ЖОО деңгейіне жеткізуді талап етті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сенаттың жалпы отырысында депутат Ақылбек Күрішбаев Үкімет басшысына сауал жолдап, университет оқытушыларының жалақысын көтеруді талап етті.

Былтырғы жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тарихи және көптен күткен шешім қабылдаған болатын. Білім гранттарының бағасы мамандығына қарай 1,3-2,7 есеге көтерілді. Бұл ақша мақсатты түрде оқытушылар құрамының жалақысын көтеруге де жұмсалуы керек еді. Алайда бірқатар жоғары оқу орындарында ұстаздар жалақысы тиісті түрде өсе қойған жоқ, - деді Ақылбек Күрішбаев.

Оның айтуынша, Тоқаевтың тапсырмасын орындамаған университеттер гранттардан түскен ақшаға жаңа ғимараттарды салуға және ескі нысандарды күрделі жөндеуге жұмсады

Себебі біздің жоғары оқу орындарының көпшілігінде бюджетті жұмсау мәселелері оқытушылармен де, ғылыми кеңеспен де келісілмейді, тек олардың менеджерлері жеке дара шешеді. Университеттерге академиялық еркіндік бере отырып, біз олардың ісіне сырттан араласуды шектеп, олардың басшылығына ауқымды өкілеттік беріп қойдық. Бірақ оқытушыларды басқару жүйесіне, атап айтқанда, дамыған елдердегідей профессорлық-оқытушылар құрамының ғылыми кеңестерге қатысуын, директорлар кеңесіне өкілдігін қамтамасыз ете алмадық, - деді депутат.

Ол елімізде университеттердің жанындағы ғылыми кеңестердің нақты басқару тетігі жоқ екендігін айтты. Мұндай құрылымдар декларативті органға айналды және ректораттар шешімін ғана орындайды.

Оқытушылар мен профессорларды директорлар кеңесінің құрамына да алмайды. Өйткені акционерлік қоғамдар заңнамасы бойынша рұқсат жоқ. Осының салдарынан оқытушылардың жағдайы мәз емес. Қазақстанда мемлекеттік университетте жұмыс істейтін қатардағы оқытушының жалақысы, шамамен, 120 мың теңге. Сонда мектеп мұғалімі алатын жалақыдан да төмен болып тұр. Ал оқытушы-профессор құрамының жүктемесі, шамамен, 700 академиялық сағатты құрайды. Оған қоса, сабаққа дайындалып, ғылыммен айналысу керек. Куратор ретінде тәрбие беру жұмысын жүргізу қажет, - деді сенатор.
Әңгіме университеттерді ұлттық мәртебеден айыру туралы емес екенін атап өткім келеді. Бірақ жоғарыда айтылғандарға байланысты барлық жоғары оқу орны үшін мемлекеттік білім беру гранттарының құнын ұлттық университеттер деңгейіне дейін көтеруді және қатардағы университеттер оқытушыларының жалақысын Ұлттық университеттердің деңгейімен теңестіру туралы мәселені қарау әділетті болар еді.

Өзгелердің жаңалығы