Президенттің кеңесшісі Маңғыстау облысының имамдарымен кездесті

20 Мамыр 2025, 18:20
478
Бөлісу:
 gov.kz
Фото: gov.kz

ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев пен Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Тілеген Әбішев өңірдің имамдарымен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Кездесу барысында Мәлік Отарбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайда айтқан дін мен ұлттық құндылықтарға қатысты бастамаларына тоқталып, дін өкілдерінің ел бірлігі мен тұрақтылығын сақтаудағы рөліне ерекше назар аударды.

Президентіміз Ұлттық құрылтайда заң мен тәртіпті сақтау – барша азаматтың ортақ міндеті екенін атап өтті. Бұл бағытта дін қызметкерлерінің атқарып жүрген еңбегі ерекше. Сіздер халыққа ізгілік пен имандылықты насихаттап, ынтымақ пен тұрақтылыққа үндеп келесіздер. Су тасқыны сияқты күрделі жағдайларда да мешіттер мен имамдардың көмегі зор болды. Мемлекет басшысы білім мен ғылымды дамыту мәселесін де баса айтты. Осы жолда діни сауатты арттыру арқылы жастардың рухани әрі зияткерлік дамуына өз үлестеріңізді қосуға атсалысасыздар деген сенімдемін, – деді Мәлік Отарбаев.

Өз кезегінде Маңғыстау облысының бас имамы Әнуар Елжанов кездесуге келгені үшін Президент кеңесшісіне алғысын білдіріп, Ұлттық құрылтайда көтерілген бастамаларды толық қолдайтынын жеткізді.

Президентіміздің Ұлттық құрылтайда айтқан әрбір бастамасын терең зерделеп, назарға алдық. Оның ішінде дін мәселесі де ерекше аталды. Біз бұл бағыттағы жұмысты одан әрі жандандырып, ел дамуына үлес қоса береміз, – деді Әнуар Елжанов.

Өзгелердің жаңалығы