Президент: Жойқын жер сілкінісі еліміздің азаматтарын да бей-жай қалдырмады

16 Наурыз 2023, 17:46
684
Бөлісу:
Президент: Жойқын жер сілкінісі еліміздің азаматтарын да бей-жай қалдырмады
Фото: Ақорда

Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының «Апат және төтенше жағдайлар менеджменті, гуманитарлық көмек» атты кезектен тыс саммитінде айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Біз бауырлас Түркияға үлкен ауыртпалық әкелген аса жойқын жер сілкінісіне байланысты жиналдық. Мыңдаған бауырымыз қаза тапты. Марқұмдардың туған-туыстарына және бүкіл Түркия халқына тағы да көңіл айтамын, - деді ол.

Ол бауырлас елге гуманитарлық және қаржылай көмек көрсетілгенін атап өтті.

Алапат зілзаланың зардабын тартқан Түрік елінің қайғысы – барша түркі жұртының қасіреті деп білемін. Қазақта «Қайғыны бөліссең – азаяды» деген сөз бар. Ағайынның басына күн туғанда біздің халқымыз ешқашан қол қусырып отырмайды. Қазақстан халқы бірден түрік бауырларға қол ұшын созды. Құтқарушыларымыз және дәрігерлеріміз дереу көмекке аттанды. Қажетті құралдармен жабдықталған ең тәжірибелі, білікті мамандарымыз құтқару жұмысына атсалысты. Бауырлас елге гуманитарлық және қаржылай көмек көрсетілді, - деді Мемлекет басшысы.

Ол еріктілерді ортақ іске жұмылдыру аса маңызды екенін айтты.

Жойқын жер сілкінісі еліміздің азаматтарын да бей-жай қалдырмады. Біздің халқымыз бауырларымыздың басына түскен қиындықты бірге көтеруге атсалысты. Қазақта «Асар» деген жақсы ұғым бар. Жұрт бірлесіп, мұқтаж жанға көмек қолын созады. Осы мақсатта Қазақстаннан Анадолы еліне көптеген еріктілер келіп, аянбай еңбек етті. Олар – ел басына ауыртпалық түскенде алғы шепте болатын шынайы патриот азаматтар, жаны таза адамдар. Еріктілерді ортақ іске жұмылдыру аса маңызды. Сондықтан, мен Ұйымымызға мүше елдердің өкілдерін биыл Астанада өтетін Еріктілер форумына шақырамын, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы