Президент Жолдауын жүзеге асыру: Қазақстанда 42 жаңа су қоймасы салынады

2026-2028 жылдары су үнемдеу технологияларын қаржыландыру 228 млрд теңгеге дейін ұлғайтылады.

 Үкіметтің баспасөз қызметі 3 Қыркүйек 2026, 08:06
3 Қыркүйек 2026, 08:06
183
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Қазақстанда су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту аясында 42 жаңа су қоймасын салу, 37 қолданыстағы су қоймасын реконструкциялау және 14,5 мың шақырым каналды жаңғырту жоспарланып отыр. Сонымен қатар кемінде 3,5 мың шақырым суару желісі цифрландырылады.

Бұл шаралар 2024-2030 жылдарға арналған су ресурстарын басқару жүйесін дамыту тұжырымдамасы мен 2024-2028 жылдарға арналған су саласын дамыту жөніндегі кешенді жоспар аясында жүзеге асырылуда.

Су үнемдеу арқылы 874 млн текше метр су сақталды

Су тұтынудың шамамен 60%-ы ауыл шаруашылығына тиесілі. Сондықтан салада заманауи суару технологияларын енгізуге басымдық беріліп отыр.

2025 жылдың қорытындысында су үнемдеу технологиялары қолданылатын егістік аумағы 543,5 мың гектарға жетіп, шамамен 874 млн текше метр су үнемделді. 2030 жылға қарай мұндай алқаптарды 1,3 млн гектарға, ал үнемделетін су көлемін 2,2 млрд текше метрге дейін жеткізу жоспарланған.

2026-2028 жылдары су үнемдеу технологияларын қаржыландыру 228 млрд теңгеге дейін ұлғайтылады. Фермерлердің тиісті технологияларға жұмсаған шығындарын өтеу деңгейі 80%-ға дейін көтерілді.

4,6 мың шақырымнан астам канал жаңғыртылып жатыр

2024-2025 жылдары елімізде 1,4 мың шақырымнан астам канал реконструкцияланып, жаңғыртылды. Қазір 4,6 мың шақырымнан астам каналда жұмыстар жалғасуда.

2026 жылы оның 962 шақырымын пайдалануға беру жоспарланған. Бұл шамамен 200 мың гектар суармалы жердің сумен қамтамасыз етілуін жақсартуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар Қ.Сәтбаев атындағы канал мен Д.Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналын жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

42 жаңа су қоймасы салынады

Су шаруашылығын дамыту жоспары бойынша елімізде 42 жаңа су қоймасы салынып, 37 қолданыстағы нысан реконструкцияланады.

2024-2025 жылдары Ақтөбе, Түркістан, Батыс Қазақстан, Абай және Жетісу облыстарында бес су қоймасы жаңартылды.

Түркістан облысында «Қарақуыс» және «Бәйдібек ата» су қоймалары салынып жатыр. Оларды 2026 жылы іске қосу қосымша 69 млн текше метр су жинауға мүмкіндік береді.

Солтүстік Аралдағы су көлемі 23,5 текше шақырымға жетті

Трансшекаралық су ресурстарын басқару бағытында да бірқатар нәтиже бар. Сырдариядағы су қоймаларының келісілген жұмыс режимі Солтүстік Аралға тұрақты су жіберуге мүмкіндік берген.

Нәтижесінде Солтүстік Аралдағы су көлемі 2023 жылғы 18,4 текше шақырымнан 23,5 текше шақырымға дейін артты.

Соңғы екі жылда Балқаш көліне шамамен 30 текше шақырым су келіп түсті. Қапшағай су қоймасы үшінші жыл қатарынан толық толды.

23 мыңнан астам су нысаны цифрландырылды

Су саласын цифрландыру үшін Ұлттық су ресурстарының ақпараттық жүйесі құрылды. Қазір онда 23 мыңнан астам су нысаны туралы мәлімет цифрлық форматқа көшірілген.

Олардың қатарында 17 748 өзен, 3 148 көл және 1 109 гидротехникалық құрылыс бар. Жүйеде 3 мыңға жуық ұйым мен 4 мыңнан астам пайдаланушы тіркелген.

Сондай-ақ су тасқыны мен су тапшылығын болжауға арналған TALSIM-NG жүйесі сынақтан өткізіліп жатыр. Ол еліміздің сегіз ірі өзен бассейнін қамтиды.

Ирригациялық инфрақұрылымды автоматтандыру да жалғасуда. Оңтүстік өңірлерде жалпы ұзындығы 857 шақырым болатын 103 каналда тиісті жұмыстар басталды.

Су заңнамасына бақылау күшейтілді

2025 жылы күшіне енген жаңа Су кодексінде алғаш рет «су қауіпсіздігі» ұғымы бекітілді. Ірі су пайдаланушыларға суды қайта және айналымды пайдалану жүйелеріне көшу талаптары қойылды. Қазір кәсіпорындар осындай 168 жоспар әзірлеген.

Суды заңсыз пайдалануға қарсы күрес те күшейтілді. 2025-2026 жылдары мыңнан астам тексеру жүргізіліп, 316 млн теңгеден астам айыппұл салынды. Ғарыштық мониторинг арқылы тағы 472 заңбұзушылық анықталып, олар бойынша 206 млн теңгеден астам айыппұл салынған.

Осылайша су саласындағы реформалар жаңа инфрақұрылым салумен қатар, су үнемдеу технологияларын енгізуді, цифрландыруды, ресурстарды бақылауды және климаттық тәуекелдерге бейімделуді қамтып отыр.

Наверх