Президент Ұлттық қауіпсіздік комитетінің 30 жылдығына арналған салтанатты жиынға қатысты

13 Шілде 2022, 18:16
1305
Бөлісу:
Президент Ұлттық қауіпсіздік комитетінің 30 жылдығына арналған салтанатты жиынға қатысты
PHOTO

Нұр-Сұлтан,  BAQ.KZ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қауіпсіздік комитетінің 30 жылдығына арналған салтанатты жиында ҰҚК органдарының ардагерлерін, офицерлері мен қызметкерлерін құттықтап, олардың Қазақстан мемлекеттігін нығайтуға қосқан үлесін атап өтті.

Бұл туралы Ақорданың ресми сайты хабарлады.

Ұлттық қауіпсіздік жүйесі – мемлекеттігіміздің басты тұғыры. Сондай-ақ, дербес дамуымыздың мызғымас тірегі. Отан үшін аянбай еңбек етіп жүрген азаматтардың арқасында еліміз өсіп-өркендеуде. Сіздер ішкі және сыртқы қауіп-қатерлерге дер кезінде тойтарыс беріп келесіздер. Бүгінде мемлекеттің негізі және конституциялық құрылымы берік қорғалған. Тәуелсіздігіміздің құндылықтары бірнеше рет елеулі сын-қатерлерге тап келді. Сіздер бейбітшілік пен келісімді сақтау үшін табанды еңбек еттіңіздер, – деді Президент.

Президент Ұлттық қауіпсіздік комитетінің 30 жылдығына арналған салтанатты жиынға қатысты

Мемлекет басшысы ұлттық қауіпсіздік органдарының екі мыңыншы жылдары терроризм мен радикалды діни экстремизмге қарсы күреске қосқан үлесіне тоқталды. Сондай-ақ Сыртқы барлау қызметінің ұлттық мүддені қорғау жолында өз міндетін табысты орындап келе жатқаны және Комитеттің «А» арнаулы қызметі мен Шекара қызметінің жұмыстары туралы айтты.

Жыл басынан бері Комитет қызметкерлерінің тиімді жұмысының арқасында экстремистік әрекеттерге қатысқан және терроризмді насихаттаған 42 адам ұсталды. Екі терролық актінің алдын алды. Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес қарқынды жүргізілуде. Ұлттық қауіпсіздік органдары полициямен бірлесіп, бірқатар аса қауіпті қылмыстық топты құрықтады, бандиттік ұйымдардың 22 мүшесі тұтқындалды. Нәтижесінде 700-ге жуық қару-жарақ, 54 граната, 17 мыңнан астам оқ-дәрі тәркіленді. Жарты жылдың ішінде елімізде 15 есірткі лабораториясы, 23 халықаралық және 40 аймақтық есірткі каналдары жойылды, 3 есірткі плантациясы әшкереленді. Шетелдік серіктестермен бірлесіп, халықаралық есірткі тасымалына қарсы күрес аясында 14 халықаралық арнайы операция жүзеге асырылды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Ұлттық қауіпсіздік комитетінің 30 жылдығына арналған салтанатты жиынға қатысты

Мемлекет басшысының сөйлеген сөзінде келтірілген деректерге сәйкес Қазақстан шекарашылары шекара және аумақтық сулар режимін бұзған 7 мыңнан астам адамды ұстаған. Жалпы құны 8 миллиард теңгеден асатын валюта, алтын және басқа да тауарлардың заңсыз тасымалының жолы кесілген. Сонымен қатар арнаулы қызмет еліміздің ақпараттық қауіпсіздігін сенімді қамтамасыз етуде. Еліміздің маңызды инфрақұрылымдық нысандарына жасалған 1,5 мың DDoS шабуылына сәтті тойтарыс берілді.  

Ұлттық қауіпсіздікті қорғау ісі көбінесе ел назарынан тыс жүргізіледі. Оны көпшілік біле бермейді. Дегенмен, сіздердің жұмыстарыңыздың  мән-маңызы айрықша.  Шынайы патриотизм атақ үшін емес, Отан үшін елге адал қызмет етуден көрінеді. Біз ел мүддесін қорғау жолында құрбан болған қаһармандарды ешқашан ұмытпаймыз. Олардың ерлік істері жұртқа жарияланбайды. Бірақ есімдері Ұлттық қауіпсіздік қызметінің жылнамасына алтын әріппен жазылады. Комитет ардагерлеріне көп жылғы еңбегі үшін зор алғыс айтамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жиын соңында Президент ұлттық қауіпсіздік органдарының бірқатар қызметкерін мемлекеттік наградалармен марапаттады.
 

Өзгелердің жаңалығы