Президент ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысына қатысты

18 Желтоқсан 2020, 17:24
2511
Бөлісу:
Президент ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысына қатысты
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Видео конференция режимінде өткен іс-шараға Әзербайжан, Беларусь, Қырғызстан, Молдова, Ресей, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан Президенттері қатысты.

Бұл туралы Ақорданың ресми сайтында хабарланды.

Жиын барысында Мемлекеттер басшылары Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы аясындағы көпжақты ықпалдастық, ТМД-ны одан әрі дамыту тұжырымдамасы және оны іске асыру жөніндегі негізгі іс-шаралар жоспары жайында пікір алмасты. Сондай-ақ ТМД елдері Парламентаралық ынтымақтастықты арттыру және нығайту мәселесі талқыланды.

Президент ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысына қатысты

Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде бүгінгі отырыстың әлемдік экономика мен саясаттағы көптеген маңызды проблемалар төңірегінде өтіп отырғанын, дүниежүзіндегі қиын ахуалды коронавирус пандемиясы одан әрі шиеленістіріп жібергенін жеткізді. Қазақстан Президенті ортақ мүдделерді ескере отырып бірқатар ұсыныс жасады, оның ішінде, коронавирус індетіне бірлесе қарсы күресуге қатысты ойын ортаға салды.

Бүгінгі күннің ең басты міндеті – азаматтарымыздың коронавирусқа қарсы вакцинаға кең көлемде қол жеткізуіне мүмкіндік жасау. Осы орайда COVID-19 індетіне қарсы жаһандық күресте әлемде бірінші болып вакцинасын тіркеген және халыққа екпе жасай бастаған Ресей Федерациясының жетекші рөлін атап өткім келеді. Қазақстан да өзінің вакцинасын әзірлеп жатыр. Оның сынамалары жақсы нәтиже беруде. Біз келесі аптада Ресеймен бірлесіп, вакцина өндірісін іске қосамыз. Ол ресейлік те, қазақстандық та өнім ретінде экспортқа шығарылады, – деді Мемлекет басшысы.
Президент ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысына қатысты

Президент әріптестерін өздерінің сыртқы саясат ведомство басшыларына БҰҰ аясында Ауруларды бақылау және биологиялық қауіпсіздік жөніндегі аймақтық орталықтар желісін, сондай-ақ, Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттік құру жайындағы Қазақстанның БҰҰ-да жасаған ұсынысын қолдау үшін тапсырма беруге шақырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Достастық елдерінің арасындағы іскерлік белсенділік пен экономикалық байланыстарды жандандыру жұмысын ТМД-ның басты міндеттерінің бірі ретінде атады.

Қазіргі жағдайда біздің негізгі басымдығымыз – әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты сақтау, халықтың табыс деңгейін және жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету. Бірақ бұған сауда-экономикалық қатынастардың барлық кешенін қайта жаңғыртпай, қол жеткізу мүмкін емес. Өзара сауда-саттықты одан әрі ырықтандыру, кедергілер мен шектеулерді реттеу жөніндегі жұмыстарды жандандыру қажет. Инвестиция тартуға, көлік-транзит әлеуетін тиімді пайдалануға, өнеркәсіптік кооперацияны тереңдетуге, өңірлер арасындағы тікелей байланыстарды дамытуға баса мән беру керек, – деді Президент.

Мемлекет басшысы Қызмет көрсетудің еркін саудасы туралы келісімді және оның әр мемлекетке нақты пайда әкелетін инвестициялар жөніндегі негізгі бөлімін келісуді аяқтаудың маңыздылығына назар аударды. 

Қасым-Жомарт Тоқаев қоршаған ортаны қорғау және «жасыл экономикаға» қатысты  шешімдерді енгізу, сондай-ақ, жаңа цифрлық технологияларды дамыту мәселелеріне арнайы тоқталды. Қазақстан ТМД Мемлекетаралық экологиялық кеңестің 2021 жылғы төрағасы ретінде аталған саладағы ұлттық заңнамалардың тәсілдері мен үйлестірілуін ұштастыру мүмкіндігін зерттеуді, сондай-ақ, Цифрландыру мәселелері бойынша арнайы жұмыс тобын құруды  ұсынды.

Қазақстан Президенті Мемлекеттер басшыларының назарын қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге аударды. Оның пікірінше, мемлекетаралық қатынастардың шиеленісу және өзара сенімсіздік жағдайында орнықты даму мен ілгерілеу мүмкін емес.

Әзербайжан Президенті Ильхам Гейдарұлы Әлиев пен Армения Премьер-министрі Никол Воваевич Пашинянның бірлесе күш салуымен, Владимир Владимирович Путиннің белсенді араағайындығымен Таулы Қарабақтағы әскери қимылдарды тоқтату туралы келісім жайында тағы бір рет атап өткім келеді. Бұл қалыптасқан күрделі жағдайдағы ең дұрыс шешім болды. Аталған тарихи келісім өңірде ұзақ мерзімді бейбітшілік орнатуға ықпал етеді деп үміттенемін. Шын мәнінде, Достастық ұйымы құрылғалы бері саяси атмосфераны улап келген посткеңестік кеңістіктегі қақтығыс ошағының оты сөндірілді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы осындай қиын-қыстау кезеңде елдеріміз арасындағы тығыз ықпалдастықтың маңызы арта түседі деп санайды.

Иә, біз бір-бірімізден экономикалық әлеуетіміз тұрғысынан ерекшеленеміз. Біздің тарихи көзқарасымыз, Таулы Қарабақтағы қақтығыс көрсеткендей, тіпті, геосаяси көзқарасымыз да әртүрлі болуы ықтимал. Дегенмен, ең бастысы, біздің халықтарымыз бейбіт жағдайда өмір сүріп, бір-бірімен достық қарым-қатынаста болғысы келеді. Біздің міндетіміз – халықтарымыздың арасына сына қағылуына жол бермей, өзара тиімді ынтымақтастықты арттырудың жолын іздеу, қазіргідей стартегиялық құбылмалы жағдайда ТМД елдерін жақындастыру. Біз пандемиядан кейінгі кезеңде оның барлық сын-қатерлері мен ауыртпалықтарын еңсеруде көпжақты ықпалдастық мәселесін ойластыруымыз керек, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев ТМД-ны халықаралық қоғамдастықта зор беделге ие деп санайды.

Біздің ұйымның негізін қалаушылар күш жұмылдыра отырып, посткеңестік кеңістікті тарихымыздағы қарама-қайшылық кезеңіндегі ауыр қантөгістен аман сақтап қала алды. Достастықтың әлеуетін жаңа геосаяси жағдайда одан әрі күшейту және оның халықаралық аренадағы орнын нығайту – баршамыздың ортақ міндетіміз. Тату көршілік рухындағы ынтымақтастық, өзара құрмет көрсетіп, мүдделерді ескеру арқылы қазіргі сынақтар мен алдағы сын-қатерлерге лайықты төтеп бере алатынымызға сенемін, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Қазақстан Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің 2020-2022 жылдардағы төрағасы кезінде аймақтың тұрақтылығын қамтамасыз етуге маңызды үлес қосуға ниетті екенін атап өтті. Ол үшін АӨІСШК-ні Азиядағы қауіпсіздік және даму ұйымы ретінде қайта құруды жоспарлап отырғанын және бұл бағытта бар күш-жігерін жұмсайтынын айтты.

Президент ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысына қатысты

Қасым-Жомарт Тоқаев сөзінің соңында Достастық оған мүше мемлекеттердің барлығына пайда әкеліп, негізгі мәселелер бойынша ұстанымдарды үйлестірудің маңызды тетігі ретінде қала беретінін атап өтті.

Президент ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысына қатысты

Жиын қорытындысы бойынша бірқатар құжатқа, оның ішінде, ТМД-ны одан әрі дамытудың тұжырымдамасына және осы Тұжырымдаманы іске асырудың негізгі іс-шаралар жоспарына, Біріккен Ұлттар Ұйымының құрылғанына 75 жыл толуына орай Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше мемлекеттер басшыларының бірлескен мәлімдемесіне, Халықаралық ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы ынтымақтастық туралы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше мемлекеттер басшыларының бірлескен мәлімдемесіне қол қойылды.

Президент ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысына қатысты

Қазіргі жағдайды ескере отырып, ТМД-ны одан әрі дамыту тұжырымдамасы экономикалық, саяси, мәдени-гуманитарлық салалардағы ықпалдастық бағыттары бойынша кеңейтілді. Құжатта ауыл шаруашылығы, жеңіл өнеркәсіп, құрылыс материалдары өндірісі, зергерлік өнеркәсіп салаларындағы кооперациялық жобаларды әзірлеу және жүзеге асыру, сондай-ақ, өнімдердің жекелеген түрлеріне қатысты ортақ нарықты дамыту мәселелері қамтылды. ТМД елдері цифрлық технология, ғарышты пайдалану салалары бойынша да ынтымақтастықты нығайтуға уағдаласты. Ал мәдени-гуманитарлық бағытта денсаулық сақтау, халықтың санитарлық-эпидемиологиялық амандығын қамтамасыз ету, жастармен жұмысты ілгерілету жөніндегі ынтымақтастықты жандандыру мәселелері қарастырылды.

Президент ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысына қатысты

Өзгелердің жаңалығы