Президент сайлауы – 2019: Үміткерлер арасында ашық теледебат өте ме?

8 Мамыр 2019, 12:41
3341
Бөлісу:
Президент сайлауы – 2019: Үміткерлер арасында ашық теледебат өте ме?
Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясы жиын өткізіп, сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары туралы ақпаратпен бөлісті. Сондай-ақ Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров үміткерлер арасындағы ашық дебаттың өтуі туралы да пікір білдірді. 

«Сайлау алдындағы үгіт-насихат – бұл сайлаушыларды сол немесе өзге кандидатты жақтап немесе оған қарсы дауыс беруге қатысуға түрткі болуға бағытталған қызмет. Мемлекет азаматтарға, қоғамдық бірлестіктерге сол немесе өзге кандидатты, саяси партияны қолдап немесе оларға қарсы сайлау алдындағы кедергісіз үгіт жүргізу құқығына кепілдік береді. Үгіт-насихат жұмыстары үш негізгі тәсілмен жүзеге асырылады. Біріншісі – бұқаралық ақпарат құралдары арқылы, екіншісі –  сайлау алдындағы көпшілік іс-шараларды, сондай-ақ кандидаттардың және олардың сенім білдірген адамдарының сайлаушылармен жеке кездесулерін өткізу арқылы, үшіншісі – баспа, дыбыс-бейне және өзге де үгіт материалдарын шығару және тарату бойынша», - деді Контстантин Петров.

Заңда сайлау алдындағы үгіт жүргізуге тыйым салынатын субъектілер бар. Олар:

1) мемлекеттік органдар, жергілікті өзін-өзі басқару органдары, сондай-ақ қызметтік міндеттерін атқару кезінде олардың лауазымды адамдары;
2) Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдардың әскери қызметшілері, ұлттық қауіпсіздік органдарының, құқық қорғау органдарының қызметкерлері және судьялар;
3) сайлау комиссияларының мүшелері;
4) діни бірлестіктер
5) шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар, шетелдік заңды тұлғалар және халықаралық ұйымдар жатады.

ОСК төрағасының орынбасары көпшілікті қызықтыратын үміткерлер арасындағы теледебат туралы да айтып өтті.

«Президенттікке кандидаттар, оларды ұсынған саяси партиялар Орталық сайлау комиссиясы ұйымдастыратын теледидардағы сайлау алдындағы пікірталастарға қатысуға құқығы бар. Қазіргі уақытта Орталық сайлау комиссиясы мұндай мүмкіндікті пысықтап, қарастырып жатыр. ОСК – дебатқа қатысушылар мен дебаттар кезінде қатысып отырған тұлғалардың тізімін бекітуді, дебатта сөз сөйлеу кезектілігін, дебатты жүргізуші мен дебатқа қатысушылардың құқықтары мен міндеттерін, дебаттарды өткізу тілін және дебаттар жазбаларын сақтау мерзімдерін реттейді. Сайлау алдындағы дебаттарды өткізудің тәртібі мен шарттары тең болуға және қандай да бір кандидатқа немесе саяси партияға басымдық жасамауға тиіс», - деді ол.

 

Өзгелердің жаңалығы