Президент: «Қазақстан ұдайы Тәжікстанның ең ірі сауда серіктестерінің үштігіне еніп отыр»

 Ақорда 7 Қараша 2026, 12:56
7 Қараша 2026, 12:56
128
Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев барлық бағытта оң динамика көрсетіп келе жатқан қазақ-тәжік қарым-қатынасының даму деңгейін жоғары бағалады.

Бұл туралы Ақорда мәлімдеді.

Елдеріміздің үкіметтері уағдаластықтарды толығымен жүзеге асыру үшін белсенді жұмыс істеп жатқанын атап өткен жөн. Қабылданған шаралардың арқасында тасымалданатын тауар түрлері көбейіп, түрлі өнім көлемі артты. Теміржолмен жеткізілетін экспорт-импорт жүгі де ұлғайып келеді. Бизнес деңгейіндегі байланыстар жанданды. Бизнес-форум, арнайы сауда миссияларының қорытындысы бойынша қол жеткізілген коммерциялық уағдаластықтар жоспарлы түрде іске асырылуда. Бұл ретте елдеріміздің жыл сайынғы тауар айналымы тұрақты түрде 1 миллиард доллардан асады. Осының есебінен Қазақстан ұдайы Тәжікстанның ең ірі сауда серіктестерінің үштігіне еніп отыр, – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, екі елдің мәдени-гуманитарлық байланыстары да дәйекті түрде кеңеюде.

Мәдениет күндері алма-кезек өткізіліп, көрнекті тұлғалардың ескерткіштері ашылды. Душанбеде Абай бюсті, Астанада Ибн Сина ескерткіші бой көтерді. Білім беру мен жастар саясаты салаларындағы ықпалдастық жоғары деңгейде. Жастар, ғалымдар мен зиялылар форумдары жиі өткізіледі. Сондықтан өзара ынтымақтастықта қол жеткізген нәтижелер үшін мақтануға да, қуануға да толық негіз бар. Бүгін өте маңызды іс-шараға – Астана қаласында Тәжікстан елшілігінің жаңа ғимаратының ашылуына қатысамыз. Бұл бір ғимараттан ғана тұрмайды, оны кешен деуге болады. Мұның бәрі таңғалдырады әрі Тәжікстанның елімізде тұрақты түрде өкілдігі болатынын айғақтайды. Әлбетте, бұдан бауырластық байланыстарымыздың бірегей сипатын көреміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Наверх