Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Үкіметінің төрағасы Михаил Мишустинмен кездесті

11 Ақпан 2022, 07:12
2080
Бөлісу:
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Үкіметінің төрағасы Михаил Мишустинмен кездесті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Кездесу барысында Қазақстан мен Ресей президенттерінің бүгінгі келіссөздерінің қорытындысы бойынша қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыру мәселелері талқыланды, деп хабарлады Ақорданың ресми сайты.

Елдеріміз арасындағы стратегиялық серіктестік пен шынайы одақтастық қатынастарды ілгерілету үшін көп жұмыс істеу керек. Бар күш-жігерді күн тәртібіне енгізілген мәселелер бойынша нақты нәтижелерге қол жеткізу үшін жұмсау қажет. Мен жаңа ғана Владимир Владимировичпен ұзақ әрі тиімді келіссөз жүргіздім. Біз ынтымақтастығымызды нығайтуға, халықаралық және өңірлік жағдайға қатысты барлық мәселе бойынша сөйлестік, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Үкіметінің төрағасы Михаил Мишустинмен кездесті

Мемлекет басшысы Қазақстанның жаңа Үкіметімен жүйелі жұмыс істеудің маңызды екенін атап өтті.

Сіздердің өкілдеріңіз бен Қазақстанның жаңа Үкіметі арасындағы байланыстарға тың серпін бергім келеді. Қарым-қатынастар Ресей Үкіметімен арадағы іскерлік, белсенділік және өте тығыз байланыстарды жалғастыруға бағытталуы керек, – деді Президент.

Оның айтуынша, Қазақстан мен Ресейдің Камаз, Сибур және басқа да жетекші компанияларының қатысуымен жүзеге асырылып жатқан стратегиялық сипаты зор маңызды бірлескен жобалары бар. Бұл жобалар өндірістік кооперацияны кеңейтуге, жаңа жұмыс орындарын ашуға, екі елдің өнеркәсіптік және технологиялық әлеуетін күшейтуге бағытталған. Сонымен қатар Қазақстан тарапы Еуразиялық экономикалық одақ аясында тығыз ықпалдастық орнатуға ниетті.  

Өз кезегінде Михаил Мишустин екі ел арасындағы достық пен ынтымақтастықты дамыту үшін Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мәскеуге жасаған сапарының маңызы зор екенін атап өтті.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Үкіметінің төрағасы Михаил Мишустинмен кездесті

Ресей Федерациясының Үкіметі жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды орындау үшін барлық қажетті шараны қабылдайтынын мәлімдеймін, – деді Михаил Мишустин.

Кездесу соңында Қазақстан Президенті экономикалық кооперацияның мемлекеттеріміз арасындағы ынтымақтастықтың стратегиялық мақсатына сай келетініне сенім білдірді.

 

Өзгелердің жаңалығы