Президент міндеттерін жүзеге асыруда депутаттардың рөлі жоғары – сарапшы

15 Қаңтар 2021, 16:02
1440
Бөлісу:
Президент міндеттерін жүзеге асыруда депутаттардың рөлі жоғары – сарапшы

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Саяси жаңғыру мәселелерінен бөлек Мемлекет басшысы айқын стратегиялық бағытымыз – озық дамыған елдердің қатарына ену үшін барлық салада дәйекті өзгерістер жасау маңыздылығын атап өтті. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ халықаралық зерттеулер бөлімінің басшысы Әсел Назарбетова айтты. 

Оның айтуынша, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев VII шақырылымдағы Парламенттің бірінші сессиясында бірқатар саяси реформаның қажеттігін, енгізілетін өзгерістердің нақты тұстарын айқындап берді. 

Олардың ішінде қоғамның демократиялық дамуын жаңа деңгейге көтеретін бірқатар ұсыныс бар, атап айтсақ, барлық партияларға заң шығарушы органға өту мүмкіндігін жеңілдету үшін саяси партиялардың Мәжіліске өту шегін 7-ден 5 пайызға төмендету; азаматтардың таңдау еркіндігін қамтамасыз ету үшін барлық деңгейдегі сайлау бюллетендерінде «бәріне қарсымын» деген жазу енгізу.  Мұндай өзгерістердің қажеттілігі халықаралық тәжірибені ескеру, қазақстандық қоғамның даму деңгейі мен талаптарына құлақ асу, жалпы сайлау науқанының барысына терең талдау жасау негізінде туындап отыр, - дейді сарапшы. 

Оның айтуынша, бүгінгі жиында Мемлекет басшысы саяси жаңғыру мәселелерінен бөлек айқын стратегиялық бағытымыз – озық дамыған елдердің қатарына ену үшін барлық салада дәйекті өзгерістер жасау маңыздылығын атаған.

Бұл өзгерістер, бірінші кезекте, өткен жылы басталған әлемдік індеттің салдарынан маңыздылығы еселеп өскен салаларды қамтиды. Мысалы, мемлекеттік басқару, оның ішінде билік органдарына халықтың сенімін арттыру, тиімді әлеуметтік саясат, оған кіретін адами капиталдың сапасы, бәсекеге қабілетті еңбек нарығы, отандық медицинаны әлемдік стандарттарға сай жаңғырту, азаматтардың денсаулығына, саламатты өмір салтына жоғары мән беру, зейнетақы жүйесін ары қарай ілгерілету. Қазақстан халқының өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған аталған өзгерістер ұлттық экономиканың қарыштап өсуін талап ететіндігі сөзсіз. Бұл бағытта да маңызды, уақыт күттірмейтін міндеттер тұрғандығы атап көрсетілді, - дейді ол. 

Сарапшының пайымдауынша, Мемлекет басшысы көтерген зор міндеттер мен маңызды шараларды жүзеге асыру барысында жаңа сайланған Парламент мәжілісі депутаттары мен жергілікті маслихат депутаттарының атқарар рөлі жоғары. Әсіресе, осы уақытқа дейін тың идеяларымен, халықтың мүддесін қолдауымен танылған депутаттар құрамына мән берер болсақ, бұл шақырылымның жұмысы сапалы әрі тиімді болатындығына сенім жоғары.

Өзгелердің жаңалығы