Президент марапаттаған Рабиға Сыздық жайлы не білеміз

3 Қыркүйек 2019, 12:35
4711
Бөлісу:
Президент марапаттаған Рабиға Сыздық жайлы не білеміз

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы, PhD докторы Қуаныш Жұмабек ірі лингвист ғалым, академик Рабиға Сыздықтың еңбектері жайлы әңгімелеп берді.

​«Жақында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен қоғамдық қызметке сіңірген ерекше еңбегі мен отандық ғылымды дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін, Қасым Аманжолов «Көп туса қазақ дәл сіздей қызды» деп өлең арнаған, ана тілінің абыз анасы, ірі лингвист ғалым, ф.ғ.д., академик Рабиға Сыздық I дәрежелі «Барыс» орденінің иегері атанды. Жасы жүзге жақындаған Рабиға Сәтіғалиқызының ғылыми-зерттеу еңбектері ортағасырлық жазба ескерткіштер тілінің тарихи, XV-XIX ғасырлардағы ақын-жыраулар тілі, орфография, синтаксис, лингвостилистика, тіл тарихы, тіл мәдениеті салаларына арналған», - дейді Қ.Жұмабек.

Қуаныш Жұмабек академиктің «Сөздер сөйлейді» атты кітабына тоқталды. Оның мәліметінше, аталмыш еңбекте XV-XIX ғасырларда өмір сүрген ақын-жыраулардың шығармаларында, мақал-мәтелдерде, тұрақты тіркестер құрамында мағынасы күңгірт тартқан сөздердің әуелгі мағынасы ашылып, қазіргі күнгі қолданысы талдана келе, қазақ тілінің байлығы, оның мүмкіндіктері мен ерекшеліктері жүйелі сараланып берілген.

«Мысалы, ғалым кітапта «кейбір жеке сөздер мен қалыптасқан тіркестердің де бұл күндегі қолданылуы, яғни беретін мағынасы мен ертеректегі қолданысы бірдей еместігі байқалады. Мысалы, «ауыр» сөзін қазір біз салмаққа байланысты ұғымда (ауыр жүк) немесе осы ұғымнан шыққан ауыспалы мәнде ауыр сөз, ауыр тиді, жұмыстың ауыры деген сияқты тұстарда айтамыз. Ал бұрын бұл сөз ауыр жұрт, ауыр қол деген тіркестерде де келіп, «көп, сансыз» деген ұғымды да білдірген» дейді. Сондай-ақ, академик ««ала» сөзінің ертеректегі берген мағыналары әлдеқайда көбірек болған. Мысалы, ала топалаң, алай-түлей, ала сапыран, алас қапас дегендердегі ала сөзінде «бейберекет, тәртіпсіз, ретсіз, анық емес» деген мән бар. Осы мән ауа райына, табиғат құбылыстарына қатысты айтылатын ала құйын, ала көлеңке, алағаншық боран, ала таң, елең-алаң сияқты сөздерде де байқалады» деген», - деп әңгімеледі PhD докторы.

Оның дерегінше, ғалымның еңбегінде қазіргі кезде қолданысқа ие және мағынасы көмескіленген көптеген сөздердің қолданылу аясы тереңірек зерттеліп, мысалдармен дәлелденген.

«Дүние байлығын емес, сөз байлығын жинаған халықпыз ғой. Тіліміздің қыр-сырын танып, мұндай архаизмдерді біле жүрсек артық етпесі анық. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тіл өткен тарихпен ғана емес, бүгін мен болашақты байланыстыратын құрал» деп айтқан еді. Қазақ тілінің тұғыры биік, ғұмыры ұзақ болуы үшін болашаққа бүгіннен көз салып, тілімізді сақтауға және мәртебесін көтеруге баршамыздың атсалысқанымыз дұрыс деп ойлаймын. Президент марапаттаған, «сөздерді сөйлеткен» Рабиға Сыздық сияқты ғалымдарымыз көп болғай!», - деп түйіндеді Қуаныш Жұмабек.

Еске салсақ, 29 тамыз күні Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен қоғамдық қызметтегі айрықша еңбегі, сондай-ақ отандық ғылымды дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері Рабиға Сыздық І дәрежелі «Барыс» орденімен наградталған болатын.

Ал кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына алғашқы Жолдауында «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін. Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек» деген болатын.

Өзгелердің жаңалығы