Президент мақаласында айтылғандарды міндетті етіп, орындату қажет – Ақберен Елгезек

5 Қаңтар 2021, 18:08
2273
Бөлісу:
Президент мақаласында айтылғандарды міндетті етіп, орындату қажет – Ақберен Елгезек

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Менің ендігі ойым осы мақалада айтқандарды іске асыру бойынша жалпы ұлттық жоспар құру керек, яғни оны міндетті етіп, орындату қажет. Сол кезде мақалада айтылғандар іске асады. Бұл туралы ақын, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының бірінші орынбасары Ақберен Елгезек Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласына қатысты ой білдіру кезінде айтты.

Ақын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Егемен Қазақстан» газетіне жарияланған бүгінгі мақаласын үлкен ықыласпен оқып шыққанын айтады.

Онда ауқымды проблемалар көтеріліп, жан-жақты қамтылған екен. Әсіресе, өзіміздің тарихымызды оқуға, тарихқа деген көзқарасты өзгертуге қатысты жақсы айтылған. Яғни, тек зиялы қауым емес, бүкіл қоғам күтіп отырған мәселеге жауап берді бүгін Президент. Мәселен, кез келген мемлекеттің идеологиясының құрамдас бөлігінде тарихи саясат  деген болу керек. Бізде сол тарихи саясат жүрмей келе жатқан, міне, Мемлекет басшысы соған назар аударған. Тарихымызды қайтадан зерттеп, зерделеп, Ресей немесе басқа елдердің көзқарасымен емес, өзімізге керекті объективті тарих жазу керектігін және оған тарихшылар үлес қосу қажеттігін баса айтқан. Өз басым соған қатты қуандым. Себебі тарихи саясаты қалыптасқан мемлекет ертең геосаяси ойындарда да өзін сенімді ұстай алады. Бұл, әсіресе, біздің жерге көз алартып отырған Ресей депутаттарына әдемі жауап болды. Мақалада Алтын Орда, Алаш зиялылары айтылған, - дейді ол. 

Сонымен қатар ол биыл Желтоқсан оқиғасына 35 жыл толады, соған байланысты көптеген шешім қабылданады дегені көңілден шықты дейді. 

Оған қоса жер мәселесі де назардан тыс қалмаған. Қазір мораторий аяқталып келе жатыр, бірақ жер ешбір шетелдікке сатылмайды деп айтқаны дұрыс болды. Мақалада сондай-ақ қазақ тілінің мәртебесі туралы айтқанын қуанышпен қабылдадым. Бұл қазақ тілін үйренгісі келмейтіндерге оны білу міндетті екенін жеткізді. Наурыз жөнінде айтқаны және ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына қатысты айтаны біз бұрыннан күтіп жүрген нәрсе еді, соның барлығы осы мақалада көрініс тапты. Менің ендігі ойым, осы мақалада айтқандарды іске асыру бойынша жалпы ұлттық жоспар құру керек, яғни оны міндетті етіп, орындату қажет. Сол кезде мақалада айтылғандар іске асады, - дейді Ақберен Елгезек.

Өзгелердің жаңалығы