Президент: Ескілікке бой ұруға әсте болмайды

3 Қаңтар 2024, 08:40
493
Бөлісу:
Президент: Ескілікке бой ұруға әсте болмайды
Фото: Архив BAQ.KZ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Egemen Qazaqstan газетіне берген сұхбатында ескілікке тым бой ұрмау, өсіп-өркендеу жолынан айнымау керектігіне тоқталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Күнделікті міндеттерден бөлек, ұзақ мерзімге арналған мақсаттарға ден қоюдың мәні зор. Біз болмашы нәрселерге баса назар аударып, ұсақ-түйекті талқылауға бүкіл күш-қуаты­мызды сарп етеміз. Одан да сорақысы, әлдекімдердің жалған сөзіне еріп, арамтер боламыз. Мұндай пайдасыз істерге алаңдап, ұлттың стратегиялық бағдарынан жаңылмауға тиіспіз.

Баяғыда ұлы халық болғанбыз деп масаттанып немесе бұрынғы өкпе-реніштерді қоздатып, қызылкеңірдек болып айтысудың қажеті қанша?! Бұлай ескілікке бой ұруға әсте болмайды. Әлбетте, тарих – біздің жалпы­ұлттық бірегейлігіміздің маңызды бөлігі. Сондықтан мемлекет дәл қазір бұл бағытта жүйелі жұмыс жүргізіп отыр. Атап айтсақ, түрлі тақырыптағы кітаптар көптеп шығарылуда. Жаңа ғылыми мекемелер құрылып, бұрынғы институттар жаңғыртылып жатыр. Жақында сталиндік репрессия құрбан­дарын ақтау жөнінде ауқымды зерттеу жұмысы аяқталды, - деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Айтуынша, сан ғасырлық тарихымызды зерттеу, тарихи әділдікті қалпына келтіру біздің негізгі міндетіміздің бірі болып қала береді.

Алайда біздің бұрын кім болғаны­мыз­дан қазір кім екеніміз, ең бастысы, болашақта кім болатынымыз әл­деқайда маңызды. Сондықтан қандай қиын­дықтан өткенімізді бағамдай­тын кезде ғана ауызбіршілік таныт­пай, баянды болашаққа да бірге қадам басуы­мыз қажет. Біз өткенді аң­саумен өмір сүр­меуіміз керек. Кері­сінше, келе­­ше­гі­мізді кемел етуге ұмтылып, ұлт­­тың ұлы­лығын нақты іспен дәлел­­деуге тиіспіз. Дүние­таны­мы­мызға жат мәдениеттерге көзсіз елік­теу­ден, жалған патриотизмнен, даң­ғойлық пен дарақылықтан сақтануы­мыз керек. Халқымыздың бойындағы кемшілік­терге көз жұма қарамай, одан арылуы­мыз қажет. Мұның бәрі күн са­йын құбы­л­ған тұрлаусыз заманда өмір сүріп жатқан Қазақстанның келешегі үшін айрықша маңызды, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айтуынша, ұлтымыз өсіп-өркенде­сін десек, біз жақсыдан үйреніп, жаманнан жирене білуіміз керек.

Қоғамда еңбекқорлық пен жасампаздық жоға­ры бағалануға, білімпаздық пен жа­ңа­­­шылдық салтанат құруға тиіс. Сон­дай-ақ өмірге деген байсалды және ба­йыпты көзқарас басым болғаны жөн. Ашығын айтайын, өзін «ұлттың қаймағымыз» деп санайтын кейбір зия­лы қауым өкілдері осы миссиясын өз деңгейінде атқарып жүрген жоқ. Олар ұлтқа үлгі-өнеге көрсетудің орнына, ұсақ-түйек әңгімелерді қоздатудан, әдеттегідей «біздің халық аса данышпан» деп қайталай беруден немесе қара басының қамын күйттеп, билікке «жағдайымды жасамады» деп өкпе артудан аса алмай отыр. Осылайша, ұлттық идеологияның даму жолында жалғандыққа жол беріледі.

Біз озық ойлы ұлт ретінде халқы­мыз­ды ыдырататын емес, біріктіре­тін жолды таңдап, тек қана алға қарауы­­мыз керек. Жалпыұлттық құн­ды­лық­тар бәрінен жоғары тұру­ға тиіс. Бұл туралы үнемі айтып жүр­мін. Тағы да қайталаймын, еңбек­қор­лық, білімпаздық, кәсібилік, бір­лік, ын­ты­мақ, жанашырлық, іскер­лік, баста­ма­шылдық, адалдық, қарапайым­дылық және үнемшілдік – нағыз отаншыл, адал азаматқа тән қасиеттер мен құн­ды­­лықтар. Халқымыздың қуатын арт­ты­рып, табысқа жетелейтін осындай қа­сиеттер мен құндылықтарды жан-жақ­ты дәріптеп, ұрпақ санасына сіңіру ар­қылы ғана сапалы ұлтқа айнала аламыз, - деді Президент.

Өзгелердің жаңалығы