Президент екпе алып, өзінің азаматтық ұстанымын тағы бір рет көрсетті - Цой

7 Сәуір 2021, 18:50
1694
Бөлісу:
Президент екпе алып, өзінің азаматтық ұстанымын тағы бір рет көрсетті - Цой
Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілші. Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында «COVID-19 бойынша эпидемиологиялық жағдай туралы» өткен онлайн брифинг барысында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой журналистің «Президент Тоқаев Қарағандыда өндірілген ресейлік «Спутник V» вакцинасын алды, бірақ ол бұған дейін қазақстандық вакцинаны салдыратынын мәлімдеген еді. Сіздің ойыңызша, Президент сәуір айының соңына дейін Қазақстанда екпе ала алатынына сенімді болмады ма?» деген сауалына жауап берді.

Президент жалпы вакцинацияны қолдайды, ол екпе алып, өзінің азаматтық ұстанымын тағы бір рет көрсетті. Ол шынымен де қазақстандық вакцинамен егілетінін айтты. Біз үшін Қарағандыда өндірілген вакцина - Қазақстанда, Қазақстан зауытында өндірілген вакцина. QazCovid-In Қазақстанда да шығарылады. Бұдан үлкен проблема көріп тұрған жоқпыз. Ең бастысы вакцинация туралы айтылды, - деді Цой.

Сондай-ақ журналист министрден «Hyundai маркалы көлігін де қазақстандық көлік деп санайсыз ба» деп сұрады.

Қазақстан аумағында өндірілген көлік - иә, қазақстандық. Өйткені оны құрастыруға біздің азаматтарымыз қатысты. Әрине ел ішінде күш салынған кез келген өнім қазақстандық болып саналады, - деп толықтырды министр.

Сонымен қатар денсаулық сақтау министрі QazCovid-In вакцинасы туралы айтты. Ол қазір өндірісті іске қосу кестелері пысықталып жатқанын түсіндірді. Оның айтуынша, жақын арада технологиялық желіні тапсыру керек. Одан әрі валидациядан, барлық процесті жүргізгеннен кейін және осы өндірісті GMP стандарттарына дейін жеткізгеннен кейін зауыт іске қосылады.

Бірақ әзірге біз бұл процесс жыл соңына қарай болады деп болжап отырмыз. Нақты күні бойынша бізге Білім министрлігі хабарлауы тиіс. Ал биологиялық қауіпсіздік мәселелері институты негізінде алғашқы серия шығарылып та қойды. Қазір клиникалық зерттеулердің нәтижелері туралы есепті күтіп отырмыз. Оған сәуір айының соңында қол жеткіземіз, - деп түйіндеді Алексей Цой.

Өзгелердің жаңалығы