Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет стратегиялық бағдарымызды жүзеге асыра отырып, қандай мәселелерге баса мән беруге тиіс екенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Президент бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында мәлімдеді.
Тұрақты экономикалық өсімнің жылына кем дегенде 4 пайыз болуын қамтамасыз ету керек. Сондықтан экономиканың даму үлгісін түбегейлі өзгертуіміз керек. Ол үшін әртараптандыру жұмысын жүйелі жүргізіп, нарық қағидаларын нығайту маңызды. Түпкі мақсатымыз – жоғары технологияға негізделген, өзін-өзі толық қамтамасыз ететін және бәсекеге қабілетті экономика құру, - деді Тоқаев.
Президент еліміздің негізгі өңірлік инвестициялық хаб ретіндегі ұстанымын нығайту қажет екенін айтты.
Соңғы бір жылда монополиясыздандыру және шынайы бәсекеге қабілетті орта құру саласында елеулі жұмыстар атқарылды. Дегенмен біз мұнымен тоқтай алмаймыз. Үкіметке экономикалық еркіндікті одан әрі кеңейту және нарықтық процестерге мемлекеттің ықпал ету деңгейін төмендету бойынша жүйелі шаралар қабылдау қажет. Бұл тәсілдерді жүзеге асыру еліміздің институционалдық кемелденуін, оның әртүрлі ішкі және сыртқы күйзелістерге төзімділігін арттырады, - деді Мемлекет басшысы Мәжілісте.