Президент экология мәселесінде дамушы елдердің мүддесін ескеруге шақырды

Тоқаевтың сөзінше, жаһандық экологиялық модель әділ әрі теңгерімді болуы тиіс

Бүгiн 2026, 13:20
АВТОР
 Ақорда Бүгiн 2026, 13:20
Бүгiн 2026, 13:20
117
Фото: Ақорда

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев RES 2026 саммитінде жаһандық экологиялық саясат әділ әрі теңгерімді болуы қажет екенін айтып, дамушы мемлекеттердің мүддесін ескеру маңызды екенін мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мемлекет басшысы экология мәселесінде таңдаулыларға басымдық беруге болмайтынын атап өтті.

Менің ойымша, экология мәселесінде таңдаулыларға басымдық беру әбестік, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, экологиялық күн тәртібі көбіне дамушы елдердің қажеттіліктерін ескермей қалыптасады.

Әсіресе, экономикалық әлеуетін нығайтуға ден қойған мемлекеттердің мүддесі көп жағдайда назардан тыс қалады, - деді ол.

Сонымен қатар Тоқаев дамыған елдердің қазіргі экологиялық стандарттарға ұзақ жылдар бойы жүргізілген индустрияландыру нәтижесінде жеткенін еске салды.

Осыған байланысты Президент жаһандық экологиялық модельге көшу үдерісіне нақты талап қойды.

Жаһандық экологиялық модельге көшу үрдісі әділ, теңгерімді және ынталандырушы сипатта өрбуге тиіс, - деді Мемлекет басшысы.

Оның айтуынша, мемлекеттер прагматикалық әрі мұқият ойластырылған тәсіл ұстануы қажет. Бұл экономикалық өсімге зиян келтірмей, тұрақты дамуға қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Тоқаев халықаралық ынтымақтастықтың маңызын да атап өтті.

Қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастық бізді бөлмей, керісінше бір мақсатқа біріктіруге тиіс, - деді ол.

Президент елдерді өзара айыптаудан бас тартуға шақырды.

Ешкім бір-бірін жария түрде айыптамауы, өзгеден мін іздемеуі қажет, - деді Мемлекет басшысы.

Еске салайық, бұған дейін Тоқаев БҰҰ Жарғысына қатысты ойын айтты.

Наверх