Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық құқықтың негізі саналатын БҰҰ Жарғысы нормаларын таңдаулы түрде қолдануға болмайтынын мәлімдеді. Бұл туралы Мемлекет басшысы RES 2026 өңірлік экологиялық саммитінде айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Президенттің айтуынша, қазіргі әлем белгісіз әрі күрделі кезеңді бастан өткеріп отыр.
Біз беталысы беймәлім аумалы-төкпелі кезеңде жүздесіп отырмыз. Оның зардабы өңірлік және жаһандық тұрақтылыққа, миллиондаған адамның тұрмыс сапасына ауыр тиіп жатыр, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы бұл жағдай даму жолындағы күш-жігер мен экологиялық мәселелерді шешуге бағытталуы тиіс ресурстардың тиімсіз жұмсалуына алып келетінін атап өтті.
Тоқаев халықаралық қоғамдастықтың рөліне ерекше тоқталды. Оның сөзінше, 80 жыл бұрын құрылған Біріккен Ұлттар Ұйымы әлі күнге дейін баламасы жоқ әмбебап диалог алаңы болып отыр.
Сонымен қатар ол әлемнің түбегейлі өзгергенін, жаңа технологиялардың, соның ішінде жасанды интеллекттің ықпалы күшейгенін айтты.
Президент БҰҰ Жарғысына қатысты ұстанымын нақты жеткізді.
Халықаралық құқықтың негізі саналатын БҰҰ Жарғысының бұлжымас беріктігі туралы жиі айтылады. Әйтсе де, ол – қалауыңа қарай тапсырыспен алдыратын жеңсік ас емес, - деді Мемлекет басшысы.
Оның айтуынша, бұл құжат біртұтас әрі жан-жақты қабылданып, барлық ережелері толық сақталуы тиіс.
Біз БҰҰ Жарғысындағы қағидаттарды халықаралық қарулы қақтығыстарға қатысты өз ыңғайымызға қарай қолданудан аулақ болуымыз қажет, - деді Президент.
Сонымен бірге Тоқаев көпжақты институттардың беделі мәселесіне де тоқталды.
Маңызды халықаралық мәселелерді шешуде олардың абырой-беделі жетпей жатқаны өкінішті. Бірақ бұл институттарға деген сенімге селкеу түсірмеуіміз керек, - деді ол.