Президент балабақшаларды қайта лицензиялауды тапсырды

14 Шілде 2022, 11:38
1600
Бөлісу:
Президент балабақшаларды қайта лицензиялауды тапсырды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Жекеменшік балабақшаларда балаларды ұрып-соғу деректері бар. Сонымен қатар, жұмыс істемейтін балабақшаларға қаржы бөлу көбейіп кетті. Мұның бәрі олардың қызметі ашық емес екенін, азаматтық жауапкершілігі жоқтығын көрсетеді. Басқаша айтқанда, қоғам талабына сай емес. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтты.

Президент сондай-ақ 2011 жылы балабақшалардың лицензия бойынша жұмыс істеу тәртібін тоқтатқандарын, мемлекет бұл қадамға амалсыздан барғанын жеткізді.

Өйткені, мектеп жасына дейінгі балаларды балабақшамен барынша қамтуымыз керек болды. Бұл ретте, жеке сектордың әлеуетін пайдалану маңызды еді. Нәтижесінде 2 және 6 жас аралығындағы балалардың 88 пайыздан астамы балабақшамен қамтылды. Енді қызмет көрсету сапасын арттыратын кез келді. Үкімет осы мәселені мұқият қарастыруы керек. Лицензиялау тәртібін қайта енгізу, ең алдымен, мемлекетке емес, қоғамға қажет шара. Өйткені, басты мақсат – балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету,-деді Тоқаев.

Оның айтуынша, балабақшаларды лицензиялау өскелең ұрпақтың қарым-қабілетін дамыту үшін қолға алынған бастама.

Қосымша спорттық және шығармашылық білім беру ісіне мемлекет тапсырысы бойынша қаржы бөлінетін болды. Бұл қадам үйірмелер мен секцияларға қатысатын балалардың санын 70 пайызға дейін арттырды. Мұны стратегиялық тұрғыдан дұрыс шешім болды деп санаймын.  Дегенмен, жоба іске қосылған жылы бірқатар олқылықтарға жол берілді. Яғни, қаржы мәселесіне және тиісті порталдың («Артспорт») жұмысына қатысты қателіктер болды. Қаржыны артық жұмсау, алаяқтық, ашықтан-ашық жымқыру басталды. Ата-аналар балаларын бірден бірнеше үйірмеге беретін болды. Өкінішке қарай, мұндай теріс пиғыл басқа балалардың жолын кесіп отыр. Кемшіліктің бәрін түзетіп, осы игі бастаманы жалғастыру қажет, -деді Президент.

Өз сөзінде Президент әкімдіктер және мәслихаттар қосымша білімге бөлінетін бюджет қаражаты жетпей қалуы мүмкін деп алаңдап отырғанын айтты.

Білімге салынған қаражат – мемлекет үшін ең басты инвестиция болуы керек. Бұл – өте маңызды мәселе. Түптеп келгенде, дамудың бірден-бір жолы – білім саласы. Сондықтан, бұдан ешкім ұтылмайтыны сөзсіз. Үкімет пен әкімдер жұртшылықпен бірлесіп, жобаны жетілдіруге тиіс,-деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өзгелердің жаңалығы