Президент Астанадағы теңсіздікті жою керегін айтты

5 Шілде 2023, 11:16
735
Бөлісу:
Президент Астанадағы теңсіздікті жою керегін айтты
Фото: BAQ.KZ Ақорда

Орталық көшелерді ғана жарқыратып қойып, қаланың шеткері аудандарына көңіл бөлмеу әділетті қоғам идеясына сай келмейді. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елордада өтіп жатқан бауырлас қалалар әкімдерінің форумында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Білім беру, денсаулық сақтау нысандары, мәдени-демалыс мекемелері, саябақтар мен қоғамдық орындар қаланың барлық тұрғынына бірдей қолжетімді болуға тиіс. Әсіресе, ерекше қажеттілігі бар азаматтарға арналған қала инфрақұрылымының қолжетімділігін арттыру керек. Бұл бағыттағы жұмыстарды әлі де жетілдіре түсу қажет. Оны мойындауымыз керек, - деді Президент.

Айтуынша, елордамыз қала тұрғындарына ғана емес, еліміздің барша азаматына мол мүмкіндік береді. Мысалы, Астанада әлемдік деңгейдегі клиникалары бар медициналық кластер қалыптасты. Мемлекет басшысы атап өткендей, елордада күрделі операциялар жасалады, Қазақстанның әр аймағынан келген науқастарға жоғары деңгейде медициналық қызмет көрсетіледі.

Президент айтқандай, қала аудандарын дамыту ісіндегі теңсіздікті жоспарлы түрде жоюымыз керек.

Орталық көшелерді ғана жарқыратып қойып, қаланың шеткері аудандарына көңіл бөлмеу әділетті қоғам идеясына сай келмейді. Үйлесімді әрі теңгерімді мегаполис үшін тиімді көлік жүйесінің, соның ішінде дамыған қоғамдық көліктің, ыңғайлы велосипед және жаяу жүргіншілер аумағының болуы аса маңызды. Технологияның, атап айтқанда жасанды интеллекттің қарыштап дамуы қалаларды барынша сапалы басқару үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. «Ақылды қала» тұжырымдамасын жүзеге асыру азаматтарға жаңа цифрлық қызмет ұсынуға, ғимараттардың энергия тұтыну тиімділігін айтарлықтай жетілдіруге, сондай-ақ көлік ағынын түбегейлі оңтайландырып, көшедегі қауіпсіздікті арттыруға мүмкіндік береді. Бұл – біз үшін өзекті міндет, - деп айтты Қасым-Жомарт Тоқаев бауырлас қалалар форумында.

Сонымен қатар адамдарға өзара тығыз байланыс орнатуға көмектесіп, азаматтар мен бизнестің қаладағы өзекті проблемаларды көтеріп, оларды шеше алатын белсенді қоғамдастық құру ісіне атсалысуына ықпал етеді. Астана бұл бағытта дамып келеді және бірқатар жетістікке жетті.

Өзгелердің жаңалығы