Президент Әкімшілігінің Басшысы СҚО-ның жаңа әкімін таныстырды

23 Қыркүйек 2023, 13:00
873
Бөлісу:
Президент Әкімшілігінің Басшысы СҚО-ның жаңа әкімін таныстырды
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Президент Әкімшілігінің Басшысы Олжас Бектенов Солтүстік Қазақстан облысының барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының жиналысына қатысты.

Олжас Бектенов депутаттарға Солтүстік Қазақстан облысының әкімі лауазымына Сәтжан Әйтенұлы Аблалиев пен Ғауез Торсанұлы Нұрмұхамбетовтің кандидатураларын ұсыну туралы Қазақстан Республикасы Президентінің хатын оқып берді.

Ашық дауыс берудің нәтижесінде 56 депутат Сәтжан Аблалиевке, ал 118 депутат Ғауез Нұрмұхамбетовке дауыс берді. Жиналысқа барлығы 174 депутат қатысты.

Дауыс беру қорытындысы бойынша Президент Жарлығымен Ғауез Торсанұлы Нұрмұхамбетов Солтүстік Қазақстан облысының әкімі болып тағайындалды.

Өңір активіне жаңа әкімді таныстырған Олжас Бектенов Ғауез Нұрмұхамбетовтің орталық және жергілікті мемлекеттік органдарда жауапты қызметтер атқарғанын және мол тәжірибесі бар екенін атап өтті.

Президент Әкімшілігінің Басшысы өңірді дамытуға қосқан үлесі үшін бұрынғы облыс әкімі Айдарбек Сапаровқа алғыс айтты және оның басшылығымен аймақтағы агроөнеркәсіп кешенінің даму қарқыны артқанынын, жаңа кәсіпорындар ашу, инвестиция тарту, туризм саласын ілгерілету бағытында ауқымды жұмыстар атқарылғанын жеткізді.

Сонымен қатар Мемлекет басшысының биылғы 1 қыркүйектегі халыққа Жолдауында айтылған тапсырмаларына ерекше назар аударылды. Облыстың жаңа басшылығына өңір экономикасын одан әрі дамыту, тұрғындарды сапалы ауызсумен және қажетті әлеуметтік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, медицинаны дамыту, сондай-ақ екінші ЖЭО-ны жөндеу жұмыстарына қатысты бірқатар міндет жүктеді.

Олжас Бектенов Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтің жауапты қызметіне табыс тіледі, сондай-ақ ол өңірді өркендетуге, дамытуға өз үлесін қосады, облыс тұрғындары мен Мемлекет басшысының жоғары сенімін ақтайды деп үміттенетінін айтты.

Өзгелердің жаңалығы