Праймериз өзіндік жаңарту рөлін орындап үлгерді – Сайыров

4 Қазан 2020, 13:00
1085
Бөлісу:
Праймериз өзіндік жаңарту рөлін орындап үлгерді – Сайыров

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Белгілі саясаттанушы Ерлан Сайыров бүгінгі праймериз еліміздегі «саяси ұлтты» қалыптастырудағы нақты қадам екенін айтады. Ол бұл туралы өзінің Facebook-тегі парақшасында жазды.

Еліміздің саяси процессін «оятып» жіберген, қоғамдық болмысқа жаңа «қан» жүгірткен праймериз өзіндік жаңарту ролін орындап үлгерді. Аймақтарда көптеген жас буын өкілдері саяси сайыстың не екендігін сезініп, көрді. Аудан, қала, облыс деңгейінде саяси аренаға жаңа тұлғалар шыға бастады. Елімізде жаңа тұрпаттағы саяси мәдениет қалыптастырудың институты қалыптасуда. Саяси дискуссия, дебатты өткізудің салт-дәстүрі қалыптасуда, - дейді ол.

Саясаттанушы праймериз еліміздегі қоғамдық процессте проблемалардың бар екендігін де көрсеткенін айтады. Оның ойынша, бұл мәселелердің негізгісі, саяси додадағы дауыс беру ерекшелігі, әкімдердің сайлауға араласуы, азаматтардың сайлау кезінде үгіт-насихат жұмысын тікелей халықпен өткізуге дағдыланбауы, кандидаттар арасындағы альянс, одақ құру практикасының тапшылығы.

Бір мәселені түсініп, білу маңызды, әлеуметтік желіде отыру мен саяси процесске араласу екі түрлі мәселе. Электорат, әсіресе, «Nur-Otan» партиясының мүшелері әлеуметтік желіге әуес емес. Дегенмен, өткен праймериз еліміздегі қоғамдық- саяси процессті дамытудағы қомақы қадам. Бұл практика Орталық-Азия елдерінде бірінші рет өтіп отыр. Еліміздің саяси плюрализм практикасын қалыптастырудағы нақты процесс. Бүгінгі праймериз еліміздегі «саяси ұлтты» қалыптастырудағы нақты қадам. Праймеризге қатысқан көптеген жас жеткіншектің потенциалын жақсы білемін, болашақ мықты менеджер министр, аузы дуалы Мәжіліс депутаттар келе жатыр. Қуантарлығы осы, - деп жазады ол.

Өзгелердің жаңалығы