Пошта атын жамылған алаяқтар көбейді: Мамандар маңызды ескерту жасады

8 Қазан 2026, 13:51
АВТОР
 ©BAQ.KZ коллажы 8 Қазан 2026, 13:51
8 Қазан 2026, 13:51
168
Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Соңғы уақытта өзін пошта немесе курьерлік қызметтің қызметкері ретінде таныстырып, азаматтарды алдауға тырысатын алаяқтар көбейген. Олар сәлемдеме келгенін айтып, SMS-кодтарды сұрайды немесе күмәнді сілтемелерге өтуді талап етеді. Осыған байланысты «Қазпошта» АҚ Алматы филиалы директорының бизнес жөніндегі орынбасары Бексұлтан Ағаділов азаматтарға маңызды ескерту жасады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, Қазпошта қызметкерлері клиенттерге қоңырау шалып, SMS арқылы келген кодтарды ешқашан сұрамайды.

Ең бастысы – Қазпошта ешқашан клиенттерге хабарласып, қандай да бір кодты айтуды талап етпейді, – деді ол.

Сондай-ақ компания күмәнді сілтемелерді де жібермейтінін атап өтті.

Қазпошта қандай да бір операция жасау үшін сілтеме жолдамайды. Біздің барлық қызметтеріміз пошта бөлімшелерінде немесе ресми мобильді қосымша арқылы көрсетіледі. Бұдан бөлек басқа сайттар мен платформалар қарастырылмаған, – деді Ағаділов.

Оның сөзінше, алаяқтар көбіне түрлі мессенджерлер мен қосымшалар арқылы хабарласып, азаматтарды жалған сілтемелерге өтуге немесе ақша аударуға көндіруге тырысады.

Қазір мұндай фишингтік шабуылдармен және интернет-алаяқтық әрекеттерімен компанияның қауіпсіздік қызметі тұрақты түрде күресіп келеді. Бексұлтан Ағаділовтің айтуынша, Алматы қаласында Қазпоштаға қатысты мұндай оқиғалар тіркелмеген.

Сонымен қатар, ол азаматтарды сақ болуға шақырып, ешкімге SMS-кодтарды, құпия сөздерді немесе жеке деректерді бермеуге кеңес берді. 

Айта кетейік, Талдықорғанда әйел 3,5 млн теңгесін «Мама, мен сенің балаңмын» деп сендірген алаяққа аударған еді.

Наверх