Полиция Жамбыл облысының тұрғынынан заңсыз кесілген сексеуіл тәркіледі

26 Ақпан 2024, 19:30
390
Бөлісу:
Полиция Жамбыл облысының тұрғынынан заңсыз кесілген сексеуіл тәркіледі
Фото: polisia.kz

Полиция Жамбыл облысының тұрғынынан 3 текше метр сексеуіл тәркіледі, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап. 

“Браконьер” жедел алдын алу іс-шарасы аясында табиғатты қорғау полициясының қызметкерлері Сарысу ауданының шаруа қожалықтарының бірінде “Сапсан” жедел тобының инспекторларымен бірлесіп сексеуілді заңсыз пайдалану және тасымалдау дерегін анықтады. Автокөлік шанағын және шаруашылықтың ауласын тексеру кезінде 3 текше метрден астам сексеуіл табылып, тәркіленді. 

Жол талғамайтын көлік иесі ағашты отын ретінде қолданғанын айтты. Осы дерекке қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Сот-биологиялық сараптамасы тағайындалды. Оңтүстік өңір үшін сексеуілдің маңызды қасиеті — жердің шөлейттенуіне жол бермеу екенін атап өткен жөн. 

Жамбыл облысында шөлейттену әсіресе Мойынқұм және Шу аудандарында белең алып келеді. Үйлерін жылыту үшін осы өсімдікті кесіп тастағанда, адамдар шөлді мекендеушілерге орны толмас зиян келтіріп қана қоймайды, жануарларды бір уақытта сусыз және тамақсыз қалдырып, олардың жойылып кетуіне апаратын нағыз экологиялық қылмыс жасайды, - делінген ақпаратта.

Сексеуіл көшеттері желдің жылдамдығын төмендетеді, аймақтың микроклиматын жақсартады және парниктік газдар деңгейін төмендетуге ықпал етеді. Сексеуілді кесуге мораторий енгізу – ресурстарды қалпына келтірудің мәжбүрлі шарасы. Жамбыл облысының полиция департаменті сексеуілдің әлі де жойылып кету қаупі бар екенін ескертеді! Еліміздің мемлекеттік орман қоры учаскелерінде сексеуіл көшеттерін кесудің барлық түрлеріне 2028 жылғы 31 желтоқсанға дейін тыйым салынған.

Өзгелердің жаңалығы