Полиция қызметкерлері жаңа әліпбиді үйренуде

13 Қыркүйек 2019, 12:17
2049
Бөлісу:
Полиция қызметкерлері жаңа әліпбиді үйренуде

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақтөбе өңірінің полиция қызметкерлеріне латыннегізді қазақ әліпбиін түсіндіру және үйрету жұмыстары белсенді жүргізілуде, деп хабарлады Ақтөбе облысының ІІД баспасөз қызметі.

"Ағымдағы жылдың қыркүйек айында Мәдениет және спорт министрлігі Тіл комитетінің және жергілікті Тілдерді оқыту орталығының мамандарының қатысуымен Ақтөбе полицейлеріне жаңа емле ережелері таныстырылып, ғылыми негіздері түсіндірілген семинар-тренинг өткізілді. Шара барысында полицейлерге жаңа емленің жазылу принциптері, графикасы мен құрамы, жаңалықтары оқытылып-түсіндірілді. Тәртіп сақшылары семинарға аса қызығушылықпен белсенді қатысып, жаңа емленің ережелеріне тез бейімделушілік байқатты, сондай-ақ, оларға жаңа әліпби таратылып, жаттығулар мен тапсырмаларды орындады", - делінген таратылған ақпаратта.

Бұған дейін маусым айында Полиция департаментінің бірнеше қызметкері жаңа әліпбиді үйрену бойынша 2 күндік оқытудан өтіп, тамыз айында жаңа әліпби бойынша дайындалған компьютерлік клавиатуралардың апробациясына қатысқан болатын. Сондай-ақ, өткен жылы жаңа әліпбиді толықтай түсіндіру, маңызын терең ұғындыру мақсатында аймақ полицейлері үшін ғалымдардың, оқытушылардың қатысуымен 7 кездесу ұйымдастырылды.

Өзгелердің жаңалығы