Алматы қаласындағы аудандық полиция басқармаларының бірінің ғимаратына жарылғыш зат қойылғаны туралы полицияға хабарлама түскен.
Оқиға орнына қаланың шұғыл қызметтері дереу жетті. Ғимарат пен оған іргелес аумақ мұқият тексерілді.
Тексеру нәтижесінде жарылғыш заттар, жарылғыш құрылғылар, оқ-дәрілер және жедел қызығушылық тудыратын өзге де заттар табылған жоқ.
«Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында біздің басқарманың қызметкерлері хабарламаны жіберген адамды анықтады. Ол 56 жастағы ер адам болып шықты. Ол іс жүзінде ешқандай жарылғыш зат қоймағанын және ғимаратқа жарылғыш зат қойылғаны туралы хабарламаны қасақана жасағанын мойындады. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалды», – деп хабарлады Алмалы аудандық полиция басқармасының бастығы Мақсат Пшан.
Полиция ескертеді: ғимаратқа жарылғыш зат қойылғаны туралы кез келген хабарлама нақты қауіп ретінде қарастырылады. Мұндай әрекеттер өз мәселесіне назар аудартудың тәсілі емес және заңда көзделген жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін.
Еске салайық, бұған дейін ұшақта бомба туралы әзіл айтқан зейнеткер Алматы-Ақтау рейсінен түсіріліп, жауапқа тартылды.