Полицейлер су тасқынына қарсы шараларға атсалысуда

29 Наурыз 2024, 19:00
299
Бөлісу:
Полицейлер су тасқынына қарсы шараларға атсалысуда

Ертіс өңірінің полицейлері су тасқынына қарсы шараларға қатысып, тұрғындарға көмектесіп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.

Қазір Павлодар ауданына қарасты Розовка және Ефремовка ауылдарында су сору жұмыстары тоқтаусыз жүріп жатыр. Тәртіп сақшылары арнайы құралдардың көмегімен қарғын суды сыртқа шығаруда. Сонымен қатар суды бұрып, тұрғын үйлерге кіріп кетпеу үшін инертті материал толтырылған қаршықтарды орнатып жатыр.

Полицейлер ауыл тұрғындарының баспаналарын судан қорғау үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатыр. Сонымен қатар зардап шеккен ауыл азаматтарына көмектесіп жатыр. Қазір тәртіп сақшылары қоғамдық тәртіпті бақылау және тасқын суды алдын алу бойынша тәулік бойғы кезекшілікке көшті, - дейді Павлодар аудандық жергілікті полиция қызметінің бастығы Қайрат Сатыбаев.

Аудандық полиция бөлімі өкілдерінің хабарлауынша, бүгінгі таңда қар суы екі үйге кіріп кеткен. Кей ауланы су басқан. Есеп бойынша елді мекендегі 981 ауланың 74-і су астында қалып қойған. Сонымен қатар екі тұрғын эвакуацияланды. Олар туыстарының үйінде уақытша тұрады. Ал мал қауіпсіз жерге айдалды.

Көктемгі су тасқынына қатысты күрделі жағдай туындады. Осыған байланысты жүргізушілерге су басқан учаскелерден өткенде көлік жылдамдығын азайтуды сұраймыз. Бұл сіз бен жолдағы өзге адамдардың қауіпсіздігі үшін керек шара. Себебі қарғын су көктайғақтан да қауіпті, - дейді тәртіп сақшылары.

Айта кетейік, өңірде жедел штабтың жұмысы ұйымдастырылды. Соңғы мәлімет бойынша автокөлік жолдарының 14 учаскесі бақылауда. Облыс бойынша су тасқынына қарсы жұмыстарға 48 адам, 52 бірлік техника жұмылдырылды. Өткен күні аймақта 25 мың текше метр су сорылды.

Өзгелердің жаңалығы