Полиэтилен пакетті қолданбаймын – экобелсенді

6 Қараша 2023, 18:29
854
Бөлісу:
Полиэтилен пакетті қолданбаймын – экобелсенді
Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

Полиэтилен пакеттің зардабы көп екенін білсек те, одан бас тарта алмай келеміз. Ал экобелсенді, алматылық Рахмина Масимбай полиэтиленнен біржола бас тартуға болатынын дәлелдеуге тырысып жүр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

– Рахмина, экобелсенді болуға не әсер етті?

Полиэтилен пакеттер мен пластик ыдыстардың зияны туралы оқып, іздене бастағаныма екі жыл болды. Ең әуелі кофе ішетін бір реттік ыдыстан бас тартудан бастадым. Яғни өзіммен бірге үнемі ыдыс алып жүруді әдетке айналдырдым. Көп адам баристадан өз термоыдысына немесе керамикалық ыдысқа құйып беруін сұрамайды. Қағаз ыдыстан бас тартудың пайдасы көп. Өйткені ол тек қағаздан ғана жасалмаған. Ыстық сусын төгілмеу үшін ішкі жағына бір қабат пластик жағылады. Демек, кофе не шаймен бірге бойыңызға уытты заттар да молынан сіңеді. Міне, осындай қарапайым ғана зерттеулер мені экосауаттылыққа итермеледі.

– Экоәдеттерді қалыптастыру барысында қандай кедергілер мен өзгерістер болды?

Бір реттік ыдыстан ажырағаннан кейін полиэтилен пакетті де қолданбаймын деп шештім. Мен көкөніс пен жемістерге сөмкені тор матадан, ал жарма, жаңғақтарға мақта матадан арнайы тіктіртемін. Ал күнделікті ұстауға қазір әртүрлі ұлттық нақыштағы шоперлер сатылады. Көп мөлшерде жеміс-жидек алатын кезде полиэтилен пакеттердің орнына ағаш жәшіктерді немесе картон қораптарды қолданған жөн. Экоәдет қалыптастыру аса қиын емес.

– Экосауаттылыққа қызығатын, бірақ өміріне енгізе алмай жүргендерге қандай кеңес бересіз?

«Мен ғана осылай істегеннен ештеңе өзгермейді» деген жаңсақ пікірден арылу керек. Бұл – өте қате түсінік. Бір адам экосауаттылықты аз-аздан болса да қолға алса, оны қолдайтындар көбейе түседі. Мысалы, өзім бұл туралы әлеуметтік желіде бөлісе бастағанда, оң көзқарас танытқандардың көптігін байқадым. Қазір елімізде саналы тұтынуды қолдап, осы бағытқа бет бұрып жатқан адамдар күн санап артып келеді. Экоәдеттерді өмірге енгізу үшін зиянды ыдыстар мен қапшықтардың қаншалықты зиянды екенін ескеру керек. Ол алдымен экосауаттылықты арттырудан басталады. Әркім жауапкершілікті өзіне алса, бұл проблема шешіледі деп ойлаймын.

Өзгелердің жаңалығы