Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Түркістан облысының құқық саласында ер азаматтармен бірдей белсенді еңбек етіп жүрген қыз-келіншектер көп. Темірдей тәртіпке бағыну, ел тыныштығына атсалысу ісі ер, әйел деп бөлінбесе керек. Бүгінде ішкі істер органдарында мамандығын сүйіп таңдаған полицей ханымдар елге адал қызмет етуде.
Солардың бірі – Келес ауданы полиция бөлімінің ювеналды полиция тобының инспекторы, полиция майоры Эльмира Есенқұлова. Шенді арудың биыл органда еңбек етіп келе жатқанына 17 жыл болады, яғни ол осы қызметін 2006 жылдан бері тапжылмастан атқарып келеді.
Эльмира Қанатқызы көршілес Өзбекстан Республикасында дүниеге келген. Он жасында әкесі Қанат Есенқұлов елге көшіп келіп, туған жерге қызмет етуді ұйғарады. Сарыағаш аудандық полиция бөліміне орналасып, полиция полковнигі дәрежесіне дейін жоғарылайды. Отбасында әкесінен басқа екі інісі де осы құқық қорғау саласын таңдап, бүгінде абыройлы қызмет атқарып жүр.
Бала күнінен полиция болуды армандаған Эльмираға әкесінің ықпалы болғаны жасырын емес. Алайда полиция майоры заңгер боламын деген кезде ата-анасы қарсы болып, қолдамаған екен.
Ес білгелі әкемнің сұсты мінезі мен өз міндетіне адал, ұқыпты әрі тиянақты екенін көріп өстім. Содан болар, өскенде полиция қызметкері боламын деп шештім. Тіпті ешкім жоқта әкемнің бас киімін көрсетпей киіп алып, айна алдында ұзақ тұратынмын. Болашақ полиция ретінде елестетіп, өз-өзіммен сөйлесетінмін. Мектепті бітірген соң ата-анам заңгер болуымды құптамады. Бірақ алған беттен қайтпай тұрып алғандықтан әкем келісімін берді. Сөйтіп, 2006 жылы ішкі істер органына қабылдандым, - деді Эльмира Есенқұлова.
Полиция майорының айтуынша, алғаш тұрмыс құрған жылдары қызмет бабымен оны жұмысындағылар «тревога» деп шақырады. Түн ішінде орнынан атып тұрып киініп, үйінен шығып кетіп бара жатқан келінін көрген енесі «Қарағым, қайда асығып барасың?» деп таңғалыпты. Кейіннен жолдасы Үсен екеуі ол кісіге жұмыстың реті екенін айтып түсіндіріпті. Қазір осындай жағдайлар болса енесі түсіністікпен қарап, майор келінін керісінше қолдап отыратын болған.
Сонымен қатар Эльмира әріптестері арасында да сый мен құрметке ие.
Эльмира өте тәжірибелі маман. Сауатты, әсіресе түрлі құжаттарға келгенде өте мұқият, ұқыптылықпен қарайды. Одан бөлек, жөнге келмейтін жасөспірімдердің де тілін таба алатын шебер. Жұмыс барысында кейде тәрбиесі қиын, мәдениеті төмендеу жеткіншектер кезігіп жатады. Сондай кезде ең бірінші Эльмираның көмегіне жүгінеміз. Ол ана ретінде оларға жылы сөйлеп, өзіндік сөйлесу әдістерін қолданып, ұстамды да сабырлы түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Біз сонысына риза болып, жас мамандарға Эльмирадан үлгі алуларын айтып жүреміз, - дейді полицей әріптестері.
Айта кетейік, полиция майорын тек қана енесі емес, күйеуі де әрдайым қолдап, кейде түнгі рейдтерге бірге шығады.
Қандай міндет пен тапсырма алсам да барынша адал атқарғанды жақсы көремін. Жолдасым да менімен бірге ерікті ретінде түнгі рейдке бірге шығып тұрады. Қасымда бірге жүргендіктен жұмысымның бар қиындығы мен қыр-сырын біледі. Содан да болар, отбасымызда жанжал, ұрыс-керіс жоқ. Үнемі бір-бірімізді қолдап отырамыз, - дейді полиция майоры.
Бүгінде Эльмира Қанатқызы шаңырағын шайқалтпаған адал жар, ата-енеге көрегенді келін, әріптестеріне үлгілі маман, ал ең бастысы отбасында мейірбан ана болып отыр.