Полицейлер мектептердің қауіпсіздігін тексерді

24 Мамыр 2021, 19:50
3604
Бөлісу:
Полицейлер мектептердің қауіпсіздігін тексерді
Фото: автордан

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінің полицейлері облыстағы мектептер мен колледждердің қауіпсіздігін тексерді.

Сала мамандарының мәліметінше, тексеріс жұмыстары 357 мектеп пен 45 колледжде жүргізілді. Павлодар қалалық полиция басқармасы жергілікті полиция қызметінің бастығы Арман Қаптаевтың хабарлауынша, тексеріс барысында бірқатар олқылық анықталған.

Павлодар облысындағы мектептердің барлығында бейнекамералар орнатылған. Мәселен, облыс орталығындағы 53 мектеп пен 27 колледждің біреуінде ғана бақылау құралы жоқ болып шықты. Ал 110 білім беру мекемесінің ішінде камера жетпейтін 230 орын анықталды. Полиция департаментінің жедел басқару орталығына 114 ұйымның камералары қосылды. 43 мектеп «дабыл түймелерін» орнату бойынша күзетуші ұйымдармен келісімшарттарға отырды. Тағы бір мәселе, күзетшілердің егде жаста болуы, - дейді Арман Қаптаев.

Полицейлер мектептердің қауіпсіздігін тексерді

Нақтырақ айтқанда, аймақтағы мектептер мен колледждердегі күзетшілердің 81%-і егде жастағы азаматтар болып табылады. Тәртіп сақшылары бұл қызметке адам қабылдау барысында іріктеу өткізу керектігін ескертеді. Себебі оқыс оқиға кезінде бұл азаматтар жедел іс-әрекет етпей қалуы әбден мүмкін. Бүгінде мектептердегі қауіпсіздікті көбінесе вахташы жұмысшылар атқаруда.

Мектептегі қауіпсіздікті физикалық жағдайы жақсы азаматтар қамтамасыз етуі керек. Оған қоса, 14 оқу орнында турникеттер мен метал іздегіш құралдар жоқ. Ауылдық мектептердің сыныптары ішкі жағынан жабылмайды. Лаңкестік актісі болған кезде сыныптар іштен жабылуы керек. Осыған байланысты департамент мамандары облыс әкімінің атына кешенді шара қолдаун жөнінде хат әзірледі, - дейді Арман Қаптаев.

Мектеп қауіпсіздігі бойынша Железин ауданын мысал ретінде айтуға болады. Мектептердегі бейнекамераларды полицейлер мобильді қосымшаның көмегімен бақылап тұрады. Ал Тереңкөл ауданындағы 10 оқу орнында «дабыл түймелері» орнатылған. Құралдар жергілікті полиция бөлімдерінің ақпараттық жүйесіне тікелей қосылған.

Полицейлер мектептердің қауіпсіздігін тексерді

Аймақтық білім беру басқармасы мамандарының сөзінше, қазір мектептерді бейнебақылау камераларымен толық қамту мақсатында бюджеттік өтініш әзірленуде. Бүгінде орта білім беру мекемелерінде 13 мыңнан астам камера жұмыс істеп тұр.

Өзгелердің жаңалығы