Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде Түркістан облыстық ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері, Арыс АПБ-нің полицейлері және аудандық прокуратура бірлесе отырып, аса ірі көлемде есірткі сақтаған күдіктіні ұстады.
Жедел уәкілдер Арыс қаласы тұрғынының үйін тінту кезінде ерекше хош иісі бар өсімдік тектес есірткі затты тауып, сараптамаға жіберді.
Сараптама қорытындысына сәйкес, алынған есірткінің жалпы салмағы 4,5 кг-нан асатын "кептірілген марихуана" болып шықты.
Бұл жайтты полицейлер ҚР ҚК-нің 296-бабы 4-бөлігі "Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу" бойынша СДТБТ-ға тіркеді. Бұл баптың санкциясы үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі ең жоғары жазаны көздейді.
Қазіргі уақытта есірткіні заңсыз сақтау дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктіге қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Тергеу оқиғаның барлық мән-жайын және күдіктінің басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығын анықтайды. Сондай-ақ, жедел уәкілдер аудан орталығына есірткі жеткізудің жолын айқындайтын болады, - делінген ақпаратта.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері есірткіні заңсыз сақтап, таратқаны үшін қатаң қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді.