Дүниежүзілік иммундау апталығы қарсаңында жетекші сарапшылар «Барлық жастағы қорғаныс: пневмококк инфекциясына қарсы вакцинацияның маңызы» тақырыбында өткен баспасөз мәслихатында иммунопрофилактикаға қатысты өзекті мәселелерді талқылады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Іс-шара халықаралық Pfizer биофармацевтикалық компаниясының дәрігерлерге арналған конференциясы аясында ұйымдастырылып, Қазақстандағы ересектер арасында пневмококк инфекциясының алдын алудың заманауи тәсілдеріне арналды.
Сарапшылар пікірталқысының негізгі өзегі – егде жастағы адамдар, созылмалы аурулары бар тұлғалар және иммунтапшылық жағдайдағы пациенттер арасындағы вакцинация мәселелері болды. Қатысушылар уақытылы иммундаудың маңызын және халықтың бұл бағыттағы хабардарлығын арттыру қажеттігін атап өтті.
Пневмококк инфекциясы Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесі үшін әлі де күрделі мәселе болып отыр. Қоғамдық санада вакцинация көбіне балаларға қатысты түсінікпен шектеледі. Алайда егде жастағы адамдар мен созылмалы аурулары бар пациенттер үшін бұл инфекцияның даму қаупі мен ауыр салдары әлдеқайда жоғары. Сондықтан халықтың иммунопрофилактика туралы хабардарлығын арттыру – медициналық қауымдастықтың маңызды міндеттерінің бірі, – деді денсаулық сақтау магистрі, эпидемиолог Манар Смағұл.
Бағдарлама аясында ересектер арасындағы вакцинопрофилактиканың практикалық аспектілері, соның ішінде тыныс алу жүйесі патологиялары бар және созылмалы ауруларға шалдыққан пациенттер мәселесі қарастырылды.
Созылмалы аурулары бар пациенттер үшін вакцинопрофилактика – қосымша шара емес, денсаулықты сақтауға бағытталған кешенді тәсілдің маңызды бөлігі. Пневмококк инфекциясы әлсіреген иммунитет жағдайында ауыр салдарға әкелуі мүмкін. Сондықтан бұл қауіптер туралы дәрігерлер де, пациенттер де жақсы түсінуі тиіс, – деді медицина ғылымдарының докторы, пульмонолог Роза Бәкенова.
Сарапшылардың айтуынша, ақпараттану деңгейі артқан сайын ауыр асқынулардың алдын алу мүмкіндігі де жоғарылайды.
Пневмококк инфекциясының вакцинопрофилактикасы біздің күнделікті тәжірибемізде нақты нәтиже беріп отыр. Ол пневмония мен госпитализация жиілігін төмендетуге ықпал етеді. Ең бастысы – профилактика туралы ақпаратты пациентке түсінікті тілде жеткізу қажет, – деп атап өтті медицина ғылымдарының докторы, бас пульмонолог Наталья Латыпова.
Іс-шара барысында Қазақстандағы заманауи профилактика мүмкіндіктері де сөз болды. Атап айтқанда, ересектердегі пневмококк инфекциясының алдын алу стратегиясында қолданылатын жаңа буын вакциналар қарастырылды.
Иммунопрофилактика тақырыбы тек медицина мамандарына ғана емес, жалпы қоғамға да түсінікті болуы тиіс. Мұндай кездесулер күрделі медициналық ақпаратты қарапайым әрі маңызды тақырыпқа айналдыруға көмектеседі, – деді медицина ғылымдарының кандидаты Светлана Струч.
Дүниежүзілік иммундау апталығы қарсаңында өткен бұл жиын ересектер, әсіресе қауіп топтарындағы азаматтар арасында пневмококк инфекциясының алдын алу туралы хабардарлықты арттыруға бағытталған маңызды қадам болды.