Таиландта Қазақстан азаматы бірнеше жол-көлік оқиғасына себеп болғаннан кейін ұсталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оқиға туралы ақпарат бұған дейін әлеуметтік желілерде тараған болатын. 30 жастағы әйел Пхукет аралындағы жолдарда қауіпті қудалауға себеп болып, соның салдарынан бірнеше көлікпен соқтығысқан.
Мәліметтерге сәйкес, жүргізуші эмоционалдық тұрғыдан тұрақсыз жағдайда болған. Полиция қызметкерлері көлікті тоқтатуға әрекет жасағанымен, ол қозғалысын жалғастырып, жол қозғалысының басқа қатысушыларына қауіп төндірген.
Оқиға барысында әйел басқарған автокөлік бірнеше рет басқа көліктермен, оның ішінде шағын автобус пен мотоциклмен соқтығысқан. Алдын ала мәлімет бойынша, екі адам зардап шеккен.
Көлікті тоқтату полиция қызметкерлері автокөліктің бүйір әйнегін сындырып, әйелді салоннан шығарғаннан кейін ғана мүмкін болған. Қазіргі уақытта ол қамауда отыр. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі ел азаматының ұсталғанын растады.
Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Таиландта Қазақстан азаматының ұсталғанынан хабардар. Дипломаттар қабылдаушы елдің құзырлы органдарымен байланыста болып, қажетті консулдық қолдау көрсетіп жатыр. Оқиғаның мән-жайы Таиландтың құқық қорғау органдарымен бірлесіп анықталуда, – деп хабарлады ведомство BAQ.KZ редакциясының сауалына берген жауабында.
Қазіргі уақытта оқиға бойынша тергеу амалдары жалғасып жатыр.
Еске салсақ, Астанадағы Лесозавод ауданында автобус пойызбен соқтығысты. Белгілі болғандай, автобус жүргізушісі локомотивке жол бермеген.