Петропавлдық полицей екі адамды құтқарып қалды

9 Маусым 2021, 21:27
1886
Бөлісу:
Петропавлдық полицей екі адамды құтқарып қалды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Петропавлдық полицей суға батып бара жатқан екі адамды құтқарып қалған. Бұл жайында облыстық Полиция департаменті басшылығына келіп түскен алғыстан белгілі болды.

Мамыр айының соңында Бірінші полиция бөлімі кезекшісінің көмекшісі Мейірман Төлебаев жұмыстан бос уақытта Есіл өзеніне жақын маңда жүрген. Адамдардың айқайын естіген аға сержант бірден көмекке асыққан. Жағадан 20 метрдей жерде адамдар батып жатқанын байқайды. Ол алдымен судан жас қызды алып шыққан, кейін ес-түссіз ер адамды алып шыққан, жағаға жақындай бергенде оған таныс қыз көмектескен. Жағада Мейірман ер адамға жасанды демалу және жүрегіне массаж жасаған. 

Алғашқы медициналық көмек көрсеткеннен кейін жағдай біршама жақсарды. 

Менің ұлым демалмады. Жағдайы өте ауыр болды. Менің ұлым жансақтау бөлімінде ауыр халде жатыр. Мұның бәрі орны толмас өкінішке әкелер еді. Оның өзінің 2 қызы бар, - дейді зардап шеккен қалалықтың анасы Галина Қарымсакова.

Белгілі болғандай, жағаға демалуға келген 40 жастағы ер адам 16 жасар қызды құтқармақ болған сәтте өзі суға батып кете жаздаған. Жағадағы адамдар көмекке шақырған. 

Жаға терең жар, лайлы жер, аяқпен тірелуге қиын болды. Мен көп ойланбай, суға секірдім, - дейді Мейірман. 

Бірнеше күн бойы ер адамға қауіп төніп тұрды, ол 10 күннен артық жансақтау бөлімінде жатты.

Суға бата жаздаған солтүстікқазақстандықтың туыстары облыстық полиция басшылығының атына алғыс білдіріп жүгінді. 

Кез келген сәтте көмекке келетін осындай қызметкерлерге, батылдық танытқандары үшін ризамыз, - дейді алғыс білдірген азаматтар. 

Петропавл қ. ПБ Бірінші полиция бөлімі кезекшісінің көмекшісі полиция аға сержанты Мейірман Төлебаев ішкі істер органдарында 5 жылға жуық қызмет етеді. 24 жасар полицейдің батыл әрекеті өз әріптестері үшін нағыз үлгі болды.

Өзгелердің жаңалығы