Солтүстік Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Петропал қаласындағы Сафуан Шәймерденов атындағы қалалық классикалық гимназияның шәкірті Бәтима Мұханжарова Абайдың 80 шығармасын жатқа біледі.
9-сынып оқушысы бала жастан ұлы ақынның өлеңдерін жадына тоқып өскен. Ол Абай оқулары сайысының қалалық, облыстық деңгейлерінің бірнеше дүркін жеңімпазы. Поэзияны жақсы көретін оқушы математика пәнінен де үздіктердің бірі. Ерекше дарын иесімен BAQ.KZ тілшісі сұхбаттасқан еді.
- Абайдың неше өлеңін жатқа білесіз?
- Абайдың 80 өлеңін жатқа білемін. Бесінші сыныптан бастап белсенді түрде поэзиялық байқауларға қатыса бастадым. Әдебиеттің осы жанрын жаным сүйеді. Абай – қазақтың ұлы ақыны. Оны оқыған сайын өзім үшін тың жаңалық ашамын. Оның шығармаларының идеясы – мәңгілік! Осыдан бір ғасырға жуық уақыт бұрын қалай актуалды болса, келер дәуірде де өзектілігін жоғалтпайтынына сенімдімін. Оның әр өлеңі қайталанбас туынды. Өзінен кейінгі ұрпаққа қаншама рухани мұра қалдырды. Ол біз үшін баға жетпес байлық. Сондықтан ұлы бабамызға мың алғыс айтқым келеді.
- Ақын өлеңдерін неше жастан бастап жаттап жүрсіз?
- Бастауыш сыныптарда оқыған кезде мектеп бағдарламасы шеңберінде ғана жаттадым. Кейін орта буынға келгенде байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүрдім. Бұл мені шабытқа жетеледі. Одан кейін ақынның өлеңдерін жаттауға деген үлкен құлшыныс пайда болды. Соңғы жылдары Абай поэзиясын үздіксіз жадыма тоқып келемін. Бұл іс маған қатты ұнайды.
- Абай поэзиясын жаттауға не түрткі болды? Ақын өлеңдері сіз үшін несімен қызық?
- Оның өлеңдері біздің шынайы бет-бейнемізді, өмірді баяндайды. Мен үшін одан асқан ұлы тұлға жоқ. Әр өлеңін оқыған сайын оның даналығына тәнті боламын. Онымен дәуірлес болған, сол заманда өмір сүріп, жүздескен адамдар бақытты деп ойлаймын. Ал мен өлеңдерін оқу арқылы ақынмен тілдескендей боламын.
- Есте ақтау қабілетіңізді жақсарту үшін арнайы жаттығулар жасап, дәрумен ішесіз бе? Немесе басқа әдістеріңіз бар ма?
- Мен үшін есте сақтау қабілетін жақсартудың ешқандай әдісі жоқ. Арнайы дәрумендер қабылдау да әбестік болар еді деп ойлаймын. Табиғат бермеген дүниені дәрмектің көмегімен жасау қиын. Менің өлеңдерді жадыма тез тоқуымның құпиясы – махаббат. Поэзияға деген сүйіспеншілік сезім. Өлеңнің сөздері, идеясы қаншалықты ұғынықты, көңіліме қонымды болса, соншалықты тез жатталады. Шынын айтсам, кейбір түсініксіз шығармаларды жаттауға келгенде іркіліп қаламын, қиынырақ жатталады. Сондықтан уақытым да көп кетеді.
- Бір шумақ өлеңді жаттау үшін неше рет қайталайсыз?
- Ол өлеңнің күрделілігіне, өлеңнің ұғынықтылығына байланысты. Әрине, жеңіл дүниелер 1-2 қайталағаннан жатталып қалады. Абайдың тілі бай. Оның бір өлеңін оқу арқылы біз қазақ тілінің әдемілігіне, әуезділігіне, байлығына көз жеткіземіз. Сондықтан оның барлығы жеңіл жатталады дей алмаймын. Оның әрбір шумағының, жолының, сөзінің мағынасына терең үңіліп, түсініп, содан кейін жаттау керек. Әйтпесе өзіміз түсінбейтін шет тілде белгілі бір сөздердің тізбегін жаттағандай боламыз. Егер сөйлеу мәдениетін дамытып, тіл байлығын арттырғыңыз келсе, Абай өлеңдерін оқы дер едім.
- Абайдың өзіңізге ең қатты ұнайтын өлеңі қандай, не үшін?
- Ақынның ешбір шығармаларын бөліп-жармас едім. Оның барлық өлеңдеріне, қара сөздеріне тәнтімін. Дегенмен, кез келген адамның жанына жақын дүниелер болады. «Құлақтан кіріп бойды алар» өлеңі ең сүйікті шығармаларымның бірі. Бір шумақ арқылы музыка өнерінің, оның құдіретінің қаншалықты күшті екенін сипаттап кеткен. «Ғылым таппай мақтанба» өлеңі де көңіліме ерекше қонымды. Бір шығармада қаншама тәрбиелік мән-мағына жатыр. Кей адамдардың әрекетін көргенде осы өлең еріксіз есіме түседі.
- Басқа қандай ақындардың поэзиясын жаттайсыз, жалпы неше өлең білесіз?
- Көп ақындарды оқимын. Өйткені поэзияны шексіз сүйемін. Ақындардың қазақтың ең әдемі сөздерінен тере білген інжу-маржан шығармаларымен сусындаған әр адамның бойында ізгі қасиеттер көп болатынына сенімдімін. Мағжанның өлеңдерін жақсы көремін. Одан кейін Шәкәрім Құдайбердіұлын. Осы заман ақындарынан Алмас Темірбай мен үшін ерекше.
- Абайдың қара сөздерін де жатқа білесіз бе?
- Бұл менің көптен бері ойға алып жүрген мақсатым. Оларды бірнеше мәрте оқығаныммен, жаттап көрген жоқпын. Бірақ оған да келер күн алыс емес деп ойлаймын. Біртіндеп бастамақпын.
- Абай оқулары сайысына неше рет қатысып, неше рет жүлделі орынға ие болдыңыз?
- Санап көрмепппін. Үнемі қатысамын, мүлт жіберген емеспін. Басқа сайыстарда да бағым мен бабымды сынауға тырысамын. Өйткені кез келген байқау адамды шыңдайды. Оған дайындалып, қаншама шығармалар жаттайсың. Қазылар алқасының, көрерменнің алдына шығып өнер көрсетесің. Бойыңды сахна мәдениетіне, көпшілік алдында сөйлеуге үйретесің. 2018 жылы ұйымдастырылған 4-ші Солтүстік Қазақстан облыстық «Менің Қазақстаным» мәнерлеп оқу байқауының жеңімпазы атандым. І-дәрежелі дипломға ие болдым. Жалпы білім беретін мектеп оқушылары арасында өтетін республикалық Абай оқуларының қалалық кезеңінің «Өлең - сөздің патшасы, сөз сарасы» номинациясында І-орынды жеңіп алдым. Солтүстік Қазақстан облыстық музей бірлестігі «Рухани жаңғыру» бағдарламасының шеңберінде журналист Бақыт Мұстафиннің 80-жылдығына арналған «Абзал азамат» атты әдеби кешінің белсенді қатысушысымын. Халықаралық УРФОДУ олимпиадаларының математика пәнінің жеңімпазы атандым. Ол да менің сүйікті пәндерімнің бірі. «Сафуан Шаймерденов сыйақысының» иегері атандым.
- «Абай жолы» эпопеясын неше рет оқыдыңыз?
- Өзім әр қазақ «Абай жолын» бәрнеше мәрте оқуы керек деп есептеймін. Ол күрделі шығарма болғандықтан өзім бір рет қана оқып үлгердім. Жасымның 14-те екенін ескерсек, әзірге кеш қалған жоқпын деп ойлаймын. Жуырда қайталап шықпақпын. Өйткені оны жете түсіну үшін 1-2 рет оқу аздық етеді. Эпопеяда Абай бейнесі арқылы тұтас халықтың тарихы, сол кезеңдегі тұрмысы, тірлішігі бейнеленген. Қазір теледидардан болып жатқан сан алуан мән-мағынасы жоқ үнді, кәріс, түрік телехикаяларын тамашалағаннан әдеби шығармаларды оқыған әлдеқайда пайдалырақ болар еді.
- Қандай маман иесі болғыңыз келеді?
- Қазір мен 9-сыныпта оқып жүрмін. Асықпай таңдау жасауға әлі уақытым бар. Сондықтан әлі нақты шешімге келген жоқпын. Режиссер немесе журналист атанғым келеді. Екеуі де шығармашылық мамандықтар. Адам қандай жұмыс істесе де болса да, халық игілігі үшін еңбектенуі тиіс деп ойлаймын.
- Бойыңызда тағы қандай ерекше қасиеттеріңіз бар?
- Бойымда мені жұрттан ерекшелеп тұратын қасиет бар деп айта алмаймын. Жалпы кез келген адам ден қойса, көп өлең жаттай алады. Сондықтан мен өзімнің поэзиялық шығармаларды жатқа айтатынымды ерекшелік деп санамаймын.
- Сүйікті ісіңізбар ма?
- Иа, әрине. Торт, печенье сынды кондитерлік өнімдерді пісіргенді жақсы көремін. Әсіресе отбасым тәттіні жақсы көреді. Оларға үнемі қуаныш сыйлағым келеді. Өлең жаттауды да хоббиге жатқызар едім. Бос уақытымда поэзия оқыған, оны көңілге тоқыған жаныма жағады. Кітап оқығанды да жақсы көремін. Қызық шығармалар барлығын ұмыттырып, өзіңді өзге әлемге алып баратындай.
- Бәтима сұхбатыңызға рахмет, асқақ армандарыңыз орындала берсін!