Облыс орталығындағы көпқабатты тұрғын үйдің қабырғасына Жамбыл Жабаевтың суреті салынған алып панно пайда болды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Qyzyljartv.kz деректеріне сүйенсек, портреттің авторы - ҚР Суретшілер одағының мүшесі Болат Әсербеков. Бұл – Петропавлда керамикалық мозаика әдісімен жасалған осындай екінші панно.
Жыр алыбының бейнесі Петропавлдағы Жамбыл атындағы ең ұзын көшеде тұр. Көздің жауын алатын панно пеште күйдірілген керамикалық тақтайшалардан жасалған. Өнер туындысы 200 шаршы метр аумақты алады.
Панноның жарамдылық мерзімі жоқ. Керемикалық тақтайшалар 830 градуста күйдірілген. Сондықтан онымен түк те болмайды. Осы алғашқы келбетін жоғалтпайды, - деді Болат Әсербеков.
Жоба авторының сөзінше, керамикалық тақтайшаларды жинау оңайға соқпады. Әр бөлшектің жеке нөмірі бар, оны көп қабатты үйдің қабырғасында құрастыруға мамандар екі айға жуық уақыт жұмсады.
Биыл қазақ халқының ұлы ақын Жамбыл Жабаевтың бейнесі бар панно оның есімі берілген көшеде орналастырылды . Өздеріңіз білетіндей 2020 жылы дәл осындай сурет Абай Құнанбайұлына да арналып жасалды. Болашақта Мағжан Жұмабаевтың панносын қою жоспарда бар, - деді Петропавл қаласы әкімінің орынбасары Әділбек Әубәкіров.
Айта кетейік, Жамбыл бейнесі бар панноны «Жас өркен» ықшам ауданындағы көп қабатты үйлердің бірінің қабырғасынан көруге болады.