Петропавлда интернет алаяқтықтың жаңа тәсілі пайда болды

22 Ақпан 2022, 07:46
1400
Бөлісу:
Петропавлда интернет алаяқтықтың жаңа тәсілі пайда болды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Петропавлда интернет алаяқтар қала тұрғынына WhatsApp арқылы банкпен жасалған шартқа ұқсас құжаттың суретін жіберіп, қулығын іске асыруда, деп хабарлайды СҚО ПД баспасөз қызметі.

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 10 ақпан күні Петропавл тұрғынына белгісіз біреу қоңырау шалып, өзін Halyk Bank-тің өкілі ретінде таныстырған. Ол белгісіз адам оның атына 4 млн теңгеге несие ресімдемекші болып жатқанын айтқан. Петропавлдық әйел сенімсіздік танытқаннан кейін, алаяқ WhatsApp мессенджері арқылы несиенің күшін жою туралы «шарт» жолдаған. Зардап шегушіге PDF-сурет нағыз құжат сияқты көрінген, банктің логотипі де болған. 

Қылмыскерге сенген әйел өзінің есеп шотына жасалған қолсұғушылықты тоқтату үшін 4 млн теңгеге несие ресімдеп берген. Ақша қаражатын «сақтандыру шотына» аударған, ал түскен ақшаны алаяқ өз керегіне жаратқан. Жәбірленуші «шартта» өзінің аты-жөні көрсетілмегенін кейін ғана байқаған. Алаяқтың құрбанына айналғанын түсінген ол, полицияға жүгінді. 

Полиция қызметкерлерінің интернет алаяқтықтың алдын алуға қатысты жүргізген жұмыстары өз нәтижесін беріп жатыр. Адамдар қауіп туралы хабардар. Дегенмен, қылмыскерлер адамдардың сеніміне кіру үшін жаңа айла-амалдарды ойлап табады. Олардың мақсаты – адамдардың жеке құпия мәліметтерін біліп алып, қаражатына қол жеткізу немесе олардың аттарына несие ресімдеу. Қандай жағдай болмасын, бөгде адамға құпия мәліметтерді, пин-кодты, sms-хабарламаммен келетін бір реттік құпия сөзді айтуға болмайды. Телефон арқылы таныс емес тұлғалармен қаржы операцияларын жүргізуге болмайды. Егер қаражатыңыздың қауіпсіздігі туралы күмәндансаңыз, банк филиалына барыңыз. Егер «банк қауіпсіздігі қызметінен қоңырау» түссе, әңгімені дереу доғарыңыз, бұл – алаяқтар, - дейді Петропавл қаласы полиция басқармасының бастығы Жандос Мұқатов.

Өзгелердің жаңалығы