Петропавл қаласында жылу магистральдарының төрт учаскесін қайта жаңғырту жұмыстары аяқталды. Инфрақұрылымды жаңарту жұмыстары 2026-2027 жылдардағы жылыту маусымы қарсаңында жылумен жабдықтау жүйесінің сенімділігін арттыруға бағытталған.
Жұмыстар жылу желілерінің төрт учаскесінде жүргізілді.
- ТМ-2 – Жабаев, Шажымбаев, Жаңа және Алтынсарин көшелерінің бойындағы УН-2-07 жерүсті торабынан ТК-2-16а жылу камерасына дейінгі аралық;
- ТМ-3 – ТП-3-12а жылу пунктінен ТП-3-15с жылу пунктіне дейінгі аралық. Қайта жаңғырту барысында құбырдың диаметрі 2Ду800-ден 2Ду700 миллиметрге дейін өзгертілді;
- ТМ-6 – Ружейников көшесінің бойындағы УН-6-10-с жерүсті торабынан ТК-6-14-с жылу камерасына дейінгі аралық;
- ТМ-8 – ТК-8-09 жылу камерасынан УН-8-19б жерүсті торабына дейінгі аралық.
Қала бойынша жалпы ұзындығы 5,4 шақырым жылу құбыры ауыстырылды. Оның 3,9 шақырымы 2025-2027 жылдарға арналған «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жаңартылды.
Жобаны іске асыру жылумен жабдықтау жүйесінің сенімділігі мен тұрақтылығын арттыруға, жылу шығынын азайтуға және коммуналдық инфрақұрылымның энергия тиімділігін жақсартуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, Энергетика министрлігі Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің аумақтық департаменті Солтүстік Қазақстан облысындағы электр және жылумен жабдықтау нысандарының 2026-2027 жылдардағы жылыту маусымына дайындығын бақылауды жалғастырып жатыр.