Петропавл полициясына жарылыс қаупі туралы жалған хабарлама түсті

28 Мамыр 2022, 05:25
1519
Бөлісу:
Петропавл полициясына жарылыс қаупі туралы жалған хабарлама түсті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Петропавл полициясына жарылыс қаупі туралы жалған хабарлама түсті, деп хабарлайды Polisia.kz.

Петропавлда терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Петропавл қаласындағы Dostyq Mаll сауда ойын-сауық орталығында жарылыс қаупі туралы белгісіз адамдар хабарласқан. Сауда үйінің ғимаратынан 700-ге жуық адам қауіпсіз жерге шығарылды. 

Келіп жеткен полиция қызметкерлері оқиға орнын тексерді. Арнайы бөліністің қызметкерлері жүргізген іс-шаралардың нәтижесінде, жарылыс құрылғысы немесе басқа да күдікті заттар табылған жоқ. Қазіргі уақытта жалған террористі анықтау және ұстау бойынша шаралар қолданылуда. Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. 

ҚР Қылмыстық кодексінің 273-бабымен бес жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстық жауапкершілік көзделгенін еске саламыз. Биыл екі солтүстікқазақстандық сотталып, бірі бір жылға бас болтандықтан айырылса, екіншісі екі жарым жылға бас бостандығынан айырылды.

Өзгелердің жаңалығы