Сенаторлар Атыраудағы облыстық перинаталдық орталықта болды

24 Қазан 2019, 16:48
2649
Бөлісу:
Сенаторлар Атыраудағы облыстық перинаталдық орталықта болды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сенаторлар Нариман Төреғалиев, Нұртөре Жүсіп, Айгүл Қапбарова, Динар Нөкетаева және Сәрсенбай Еңсегенов жұмыс сапарымен Атырауда болды.

Сенаторлар облыстық перинаталдық орталықта болды. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша биылғы тамыз бен қыркүйек айларында мұнда 42 нәресте көз жұмды. 

"Қазіргі уақытта осы орталықта сәбидің өлімі бойынша тергеу жұмыстары жүргізілуде. Медициналық мекеменің инфрақұрылымын жақсарту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Жалпы жағдай тұрақталып, дәрігерлер күнделікті қалыпты тәртіпте қызметтерін жалғастыруда", - деді сенатор Сәрсенбай Еңсегенов.

Сенаторлар сапар барысында облыстық кардиология орталығының жұмысымен танысты. Клиника заманауи құралдармен жабдықталған, мұнда кәсіби қызметкерлер жұмыс істейді. Сенаторлар орталықтың аймақ үшін де, жалпы республика үшін де маңызын атап өтті.

Депутаттар, сондай-ақ білім беруде ерекше талап-тілектері бар балаларға арналған "Балаларды оңалту орталығының" жұмысымен және олардың медициналық оңалту барысымен де танысты.

Сенаторлар Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің №3 Студенттер үйінде студенттермен кездесіп, әңгімелесті. Университетте "Серпін" мемлекеттік бағдарламасы аясында еліміздің түрлі аймақтарынан келген студенттер білім алады.

Сапар барысында депутаттар "Атырау-ақпарат" мекемесінде "Қазақстан" республикалық телерадиокорпорациясы" акционерлік қоғамның Атырау облыстық филиалының және облыстық газеттің журналистерімен кездесу өткізіп, "APEC PetroTechnic" жоғары техникалық колледжінде болды.

Өзгелердің жаңалығы