Павлодарлық турфирмалар коронавирустың таралуы салдарынан зардап шегуде

9 Наурыз 2020, 13:03
1301
Бөлісу:
Павлодарлық турфирмалар коронавирустың таралуы салдарынан зардап шегуде

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінің туристік фирмалары әлем елдерінде тараған коронавирустың салдарынан зардап шегуде. Мамандардың айтуынша, соңғы екі айда саяхаттаушылар тарапынан сұраныс күр азайып кеткен. 

Павлодар турфирмалары қауымдастығының төрайымы Гүлмира Отарғалиеваның айтуынша, коронавирустың таралуы сыртқы туризммен қатар, отандық туризмге де кері әсерін тигізген. 

Коронавирус туристік нарықтың жұмысына әсер етті. Екінші ай қатарынан жұмысымыз тоқтап тұр. Осы уақыт аралығында шетелдік турлардың саудасы төмендеп кетті. Саяхатқа шыққысы келетін клиенттер бар, әрине, бірақ жағдайдың тұрақталуын күтіп отыр. Сәуір айында індеттің таралуы тоқтаса игі. Жұмысымызды бұрынғыша жалғастырсақ деген ниет бар. Коронавирустың салдарынан ішкі туристік бағыттарымызға да сұраныс азайып кетті. Қазақстан ішіндегі сапарлар тоқтап қалды. Бұл бағыттар бойынша көбінесе оқушылар саяхаттайды. Ал салалық мемлекеттік мекемелер балаларға көктемгі каникулдарға сапарға шықпауға кеңес берген. Сондықтан, топтық турлардың саны тым аз, - дейді Гүлмира Отарғалиева. 

Бүгінде жаһандағы эпидемиологиялық ахуал кезінде Оңтүстік-Шығыс Азияға ағылатын туристер легі айтарлықтай азайған. Тайланд, Біріккен Араб Әмірліктері, Мысыр мемлекеттеріне жол ашық, бірақ барушылар некен-саяқ. 

Тынығуға барғысы келетін киленттерімізге жағдайды түсіндіруге тырысамыз. Ережелерді түсіндіреміз. Коронавирус анықталған елдердің категориялары туралы ақпарат береміз. Қазіргі уақытта ерте брондалған турлар бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Ал жаңалары бойынша жұмыс тоқтады. Қазіргі уақытта Түркияға ерте брондау басталу керек. Дегенмен, белсенділік аз. Түрік маусымы бойынша жылдағыдай жұмыс істегіміз келеді, - дейді қауымдастық төрайымы. 

Туристік фирма өкілдерінің айтуынша, Қытайдағы карантинге орай сапардан бас тартқандарға шығындары толық өтелген. Мамандар соңғы 20 жылдың ішінде дәл осындай жағдайға бірінші рет тап болған. 

Айта кетейік, бүгінгі таңда Ертіс өңірінде 90-ға жуық турфирма жұмыс істейді.

Өзгелердің жаңалығы