Павлодарлық мұсылман жамағат тасаттық намазын оқыды

7 Маусым 2023, 17:55
1210
Бөлісу:
Павлодарлық мұсылман жамағат тасаттық намазын оқыды

Ертіс өңірінің халқы Алладан жаңбыр сұрап, тасаттық намазын оқыды, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің Павлодардағы тілшісі.

Тасаттық намазы Павлодардың шетіндегі «Құлагер» ипподромында оқылды. Аптап ыстыққа қарамастан, шараға жиналған халықтың қарасы қалың болды. Қала-аудан мешіттерінің имамдары да бас қосты.

Обыстың бас имамы Жолдас Қоспақұлының айтуынша, «Дін болған жерде дәстүр болады, дәстүр болған жерде дін болады».

 «Жауын сұрау» деген сөз ежелден тасаттық деп аталады. Тікелей аударатын болсақ, «садақа», «садақа бер», «құдайға садақамен жақында» деген мағына береді. Дін тұрғысынан қарайтын болсақ, Пайғамбарымызда сүннет амалы жатады. Қатты құрғақшылық, жауын болмаған кезде пайғамбарымыз мұсылмандарды, сахабаларды жинап, мешіттің сыртына шығып, жамағатпен бірге намаз оқитын болған. Бұл - шариғатымызда бар нәрсе. Әрине, намаз оқылмас бұрын, насихат жүргізіледі. Пайдасы, дәстүрдің мән-маңызы туралы айтылады. Жамағатпен бірге екі рәкағат тасаттық намазы оқылып, дұға жасалды. Бұл – жақсы амалдардың бірі, - дейді Жолдас Қоспақұлы.

Тасаттық шеңберінде құрмалдық асы берілді. Бұған облыс басшылығы мұрындық болды. Ет үшке бөлінді. Бір бөлігін медресеге берілсе, екінші бөлігі көмекке зәру азаматтарға таратылады. Тағы бір бөлігі құрмалдыққа арналған дастархан үшін тарту етілді.

Биылғы жазда аптап ыстық. Мәселен, өзім Мысырда сегіз жыл бойы оқыдым. Сол кезде қатты ыстыққа бойым үйреніп кеткен еді. Бірақ, өңір халқы үшін аптап ыстық – үйреншікті құбылыс емес. Жаңбыр сұрау үшін облысымыздың қала-аудандарының мешіттерінде құрбандық шалынып, намаз оқылып жатыр. Дұғамыз қабыл болғай!, - дейді бас имам.

Павлодар облысында бүгінде 105 Алла үйі бар. Сәтін салса, тасаттық мешіттердің барлығында өткізілмек. 

Айта кетейік, күні кеше Солтүстік Қазақстан облысының жамағаты да жаппай дұға еткен еді.

Өзгелердің жаңалығы